Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Ибрагим Кубековтың жеке көрмесі ашылады
Ибрагим Кубеков – суретші-график, танымал қазақстандық карикатурашы, баспагер. 1957 жылы Украина КСР Ворошиловград қаласында дүниеге келді. Үш жасында ата-анасымен бірге Алматы қаласына көшті.
Абай атындағы ҚазПИ көркемсурет-графика факультетін бітірді. Сурет салу құштарлығы суретшінің кішкентай кезінен ояна бастады. Бұл достарымен серуендеу, кітап оқу, жақындарының бейнелерін суреттеу кезінде алған әсерден болатын. Оның еңбек жолы жалпы білім беретін мектепте сурет мұғалімі ретінде басталды. Көп жылдарын газеттерде жұмыс істеуге арнады. Ол әртүрлі әдеби шығармалар мен журнал материалдарын безендірді. 1999 жылы Ибрагим Кубеков Алматы облысының Есік қаласында алғашқы тәуелсіз аудандық «Есік» газетін құрды, бұл газет әлі күнге дейін 24 жыл бойы басылып келеді.
Ибрагим Кубеков қазақстандық көрерменге карикатура мен шарждың суретшісі ретінде танымал. Оның жұмысында өмірден алынған және суретшінің шығармашылық қиялымен әсерленген әзіл-сықақ сюжеттер үлкен орын алады.
Бұл көрмеде суретші шығармашылығының жаңа қырын ұсынды. «Енді әлемге өзге Кубеков – сезімтал қылқаламы, ерекше жылы және жайлы палитрасы бар және көзге көрінбес қимылды, қозғалысты, сәл тебіреністі бейнелейтін суретші келді. Оның әрбір шығармасында адамның жеке тұлғасы, жан дүниесі, дүниетанымы сомдалады. Егер бұл көркем шығармалардың шоғырландырылған жиынтығы болса, онда бұл жұмыстар тұтас бір ұрпақтың өмірін бейнелейді», – деп атап өткен болатын репортаждардың бірінде журналист Галина Галкина.
Экспозицияда суретші шығармашылығының әртүрлі кезеңдерінде орындалған 70-тен астам туындылар ұсынылған. Олар төрт топтамадан құралған: «Прото», «Ню», «Шарик есімді такс туралы» «Табаға арналған ода».
492
«Прото» топтамасы барынша мәнерлі шықты. Ол кездейсоқ, өзінің қиялынан пайда болған және өткен тарихқа өзіндік көзқарас болып табылады: «Бір күні отырдым да, ештеңеге байланбай оңай, бір күнде, штрихпен екі прототүркілердің портреттерін салдым», – дейді суретші. Оның сюжеттерінің кейіпкерлері – жан-жақты қалыптасқан, күшті тұлғалар. Әрбір кейіпкер қазіргі заманғы адамзаттың басым көпшілігі сияқты айналадағы адамдармен менталды қарым-қатынассыз ішкі ойына шомған тұлғалар. Ибрагим Кубеков түрлі-түсті полифонияға ұмтылмай, көбінесе екі түсті – охра мен қара түстерді қолдана отырып, реңінің градациясын, пішіндердің ырғақты қимылын, анық кескінді бейнелейтін көп қырлы мүмкіндіктерді ашады. Суретші суреттің ұсақ бөліктеріне ерекше назар аударады. Ол сыртқы бақылаушы сияқты әрбір кейіпкердің мінезін шебер дамыта отырып, кейіпкерлердің табиғи болмысын дәл суреттейді.
Ибрагим Кубеков жемісті суретші, ол күн сайын жаңа оқиғалар желісі мен эскиздер жасайды. Ол сүйікті модельдерін – әйелдерді, иттерді, балаларды бейнелей отырып, қылқаламды, қаламды, қарындашты жақсы меңгерген. «Иттермен бейнеленген суреттер – бұл ерекше оқиға, әсіресе доберманмен бейнеленген сюжет», – деп жазаған өнертанушы Баян Барманқұлова. Ол бұл суретті дарынды шығармалардың қатарына қосты. Бұл жұмыс суретшінің немересіне арналған, ол қыздың түсіндегі қимылын шеберлікпен бейнелеген.
Ибрагим Кубеков – бүкілодақтық және халықаралық карикатура байқауларының қатысушысы және жүлдегері. Ол ешқашан регалия мен марапаттарға ұмтылмаған және ҚР Суретшілер одағына кіруге тырыспаған. Ол өзінің карикатуралар салынған екі альбомын жарыққа шығарды. Оның шығармалары әртүрлі кезеңде аймақтық және халықаралық көрмелерге қойылып, республикалық, бүкілодақтық маңызы бар түрлі басылымдарда жарық көрді. Көрмеге келуіңізді күтеміз!
Баженова Наталия
Өнертанушы