«Абай даңғылының бойымен»: Алматыда қаланы жаңа қырынан ашатын аудиоспектакль-серуен

Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімдігінің бастамасымен алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше сыйлық дайындалды. «Абай даңғылының бойымен» атты аудиоспектакль-серуен. Смартфон мен құлаққаптың көмегімен күнделікті таныс көше уақыт пен естелік арқылы өтетін саяхатқа айналады. Серуен бір жыл бойы өтеді.
Абай даңғылы — Алматының ең танымал көшелерінің бірі. Қала тұрғындары оның бойымен күн сайын жүреді: біреу жұмысқа асығады, біреу достарымен кездесуге барады, енді бірі жаттығуға не спектакльге бет алады. Жоба авторлары осы үйреншікті бағытқа басқаша қарауды ұсынады.
Таныс ғимараттардың қасбеттерінің ар жағында бүгінде көзден таса болып бара жатқан Алматы жасырынған: ескі трибуналардың дүбірі, бассейндегі хлордың иісі, карусельден қорыққан балалық шақ, сенбідегі футбол және қала жылдар бойы өз жадында сақтап келген қаншама оқиға.
«Абай даңғылының бойымен» — қала сахнаға, ал серуендеуші басты кейіпкерге айналатын аудиоспектакль. Қатысушы әдеттегі көшемен жүріп келе жатқанда, құлаққаптағы дауыс пен дыбыстар өткен кезеңді қайта жандандырады. Телефон экранында архивтік фотосуреттер пайда болып, таныс орындардың қала үшін және әр тұрғын үшін қаншалықты маңызды екенін еске салады. Сөйтіп, күнделікті жүретін жол уақыт кеңістігіне саяхатқа айналады.
Серуеннің өзегінде екі кейіпкер — Данияр мен Алманың әңгімесі тұр.
Данияр Тараздан Алматыға қыдырып келіп, Абай даңғылымен серуендеп жүр. Ал Алманың үйінің есігі жабылып қалып, ол подъездің алдында шеберді күтіп отыр. Уақыт өткізу үшін Алма Даниярға қаланы телефон арқылы көрсете бастайды.
Алма үшін бұл жерлер — балалық шағы, отбасы мен жеке естеліктері сақталған орын. Данияр үшін — әсем, сәулетті ғимараттар мен бұрын-соңды байқамаған детальдар. Олар Орталық стадион, футбол, цирк және балалық шақ туралы әңгімелеседі. Сол сәтте екеуінің арасында қарапайым серуеннен әлдеқайда маңызды бір нәрсе басталады. Ал кейіпкерлер бір-бірін түсінуге тырысып жатқанда, тыңдаушы Алматыны, оның ең таныс әрі қарқынды дамып келе жатқан Бостандық ауданын жаңа қырынан тани бастайды.
Бостандық ауданы әкімдігі серуеннің негізгі мәліметтерін ұсынды:
- Басталатын нүкте: Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысы, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы.
- Аяқталатын нүкте: Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.
- Форматы: аудио және чат-бот арқылы өтетін аудиоспектакль-серуен.
- Қажет заттар: интернетке қосылған смартфон, құлаққап және ыңғайлы аяқ киім.
- Мерзімі: серуен бір жыл бойы өткізіледі.
Жоба Бостандық ауданы әкімдігінің бастамасымен және қолдауымен жүзеге асырылды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына арналған сыйлық: ол таныс көшелерге жаңаша көзқараспен қарап, олардың тарихын тыңдауға және қаланы оның тұрғындарының жеке естеліктері арқылы сезінуге мүмкіндік береді.




