Абай облысы студенттері Франциядағы WORLDSKILLS LYON 2024 әлемдік чемпионатқа қатысады

Францияның Лион қаласында 47-ші Дүниежүзілік кәсіби шеберлік чемпионаты – WorldSkills Lyon 2024 өтеді. 10 қыркүйек күні халықаралық чемпионаттың ашылу салтанаты өтті. Қазақстан бойынша Абай облысынан жарысқа төрт құзырет бойынша ең көп қатысушы аттанды.

Қазақстан жалпы 30 бағыт бойынша бақ сынайды. Абай облысы атынан Бизнес және сервис колледжінің студенті Гүлфия Жақиянова «Кондитерлік іс» құзыреті бойынша өнер көрсетеді. Геодезия, картография және құрылыс колледжінің студенті Нұралы Құмарбеков «Кірпіш қалау» құзыреті бойынша қатысады. Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері Тимур Бабенко мен Елнар Жуасбаев «Мобильді робототехника» құзыретінде медаль үшін күреседі. Сонымен қатар Дастан Талғатов «Ақпараттық кабельдік желілер» бағыты бойынша облыс намысын қорғайды.

Халықаралық аренада өңірдің білікті сарапшылары да төреші ретінде қатысады. Облыстың 5 педагогі әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың шеберлігін бағалайды.

Айта кетейік, 2023 жылы Абай облысының командасы Қазақстан бойынша WorldSkills ұлттық чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген. Биыл команда әлемдік деңгейде де осы жетістігін қайталауға бел буып отыр.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі