Абай облысында мектеп директорларына арналған «Табысты менеджер» І облыстық конкурсы өтті
Мақсаты — орта білім беру ұйым басшыларының көшбасшылық әлеуетін анықтау және қолдау, облыстағы озық инновациялық менеджментті насихаттау.
Форумға мемлекеттік орта білім беру ұйымдарынан басқарушылық өтілі 5 жылдан кем емес бірінші басшылар қатысты. Облыс бойынша 11 директор бақ сынады. Мектеп директорлары тұлғалық және кәсіби даму жоспарын ұсынып, білім беру менеджментіндегі инновациялық жобаларын қорғады.
Қатысушылар бірінші кезеңде басқару жүйесіндегі жобаларын TEDx форматында қорғаса, «Табыс формуласы» кейсін шешуде өз тәжірибелерін бөлісті: тиімді басқару шешімдерін, педагогикалық ұжыммен сындарлы өзара әрекеттесуде кәсіби құзыреттіліктерін көрсетті.
Конкурс нәтижесі бойынша І орынды Үржар ауданы Жансүгіров атындағы орта мектеп директоры Алия Ахметова иеленді. ІІ орын Семей қаласы №15 ЖОББМ директоры Кайрбек Абылкасимов, Аягөз ауданы Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының директоры Айнур Канапьянова алса, жүлделі ІІІ орын Жарма ауданы Ақтайлақ би атындағы орта мектеп директоры Ерзат Канапьянов, Бородулиха ауданы Жезкент кентінің мектеп-лицей директоры Гульнара Апеноваға бұйырды.
Жүлдегерлер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ Абай облысының кәсіподақ ұйымының қолдауымен І орынға санаторийге, ІІ орынға Алакөл демалыс орнына жолдама, ІІІ орынға ақшалай сыйақы табысталды. Басқа қатысушылар «Жаңашыл басшы», «Білікті басшы», «Табысты басшы», «Шығармашыл басшы», «Үздік көшбасшы» номинацияларымен марапатталды.
Айта кетейік, биыл алғаш рет ұйымдастырылған директорларға арналған конкурс енді жыл сайын өткізіледі.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «1000 өзгерістер көшбасшысы» жобасы іске қосылды. Республикалық кадрлық резервке Абай облысынан 15 мұғалім өтті.