Абай облысының оқушысы қазандық түтінін тазарту әдісін ұсынды

Абай облысы Бесқарағай ауданындағы Н. Баймұратов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Наргиз Мұхамедиева экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған құрылғы жасап шығарды. Ол көмір арқылы жылытылатын қазандықтардан бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтудың тиімді әдісін ұсынып отыр. Өзінің жаңа әдісін «Зиянсыз түтін» деп атаған.
«Көптеген мектеп пен тұрғын үй қатты отын – көмірмен жылытылады. Алайда көмір жанған кезде ауаға көп мөлшерде көмірқышқыл газы, күйе, күл және басқа да зиянды заттар тарайды. Бір ғана мектеп қазандығы жылына мың тоннадан астам көмірқышқыл газын шығарады. Бұл ауаның ластануына, жергілікті тұрғындардың тыныс алу жүйесіне кері әсер етеді», – дейді Наргиз.
Оның ойлап тапқан жүйесі бу қысымын пайдаланып, түтінмен бірге ауаға шығатын күйе мен күлді ұстап қалады. Жүйенің жұмысы қарапайым: бу арнайы форсункалар арқылы түтін құбырына жіберіледі. Түтін жоғары көтерілгенде, бу бөлшектері күйе мен шаңды жуып, оларды ауырлатып, арнайы жинағышқа түсіреді. Бұл атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Түтін тазарту құрылғысының жұмыс істеу механизмі қарапайым. Арнайы бөліктегі су қыздырылып, буға айналады және қысым арқылы түтін құбырына беріледі. Түтін төменнен жоғары қарай көтерілген кезде, су тамшылары мен бу ағындарына кездеседі. Осылайша, жанбай қалған күйе бөлшектері суланып, ауырлық күші әсерінен төменге түседі. Құрылғыны жасау өте оңай. Бар болғаны 25 мм диаметрлі құбырдың бір ұшын бу жылыту жүйесіне байланыстыру керек, ал екінші ұшын шашыратқышпен бірге түтін құбырына орнату жеткілікті.
Наргиздің есептеулері бойынша, бұл жүйені енгізу 200 000 теңгеден аспайды. Егер ауылдық жерлердегі барлық көмір арқылы жылытылатын қазандық осы технологиямен жабдықталса, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар көлемі азайып, тұрғындардың денсаулығына келетін зиян төмендейді.
Жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Мейрамғали Жексенаев.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі