Абай облысының оқушысы су құбырынан электр энергиясын өндіру жүйесін әзірледі
Бесқарағай ауданы Нұрлыбек Баймұратов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Дидар Баталов көпқабатты үйлердің су құбырындағы ағын арқылы электр энергиясын өндіруге арналған шағын гидроэлектростанция әзірледі. Жобаның жетекшісі – Мейрамғали Жексенаев.
Оқушы су құбырларында тұрақты түрде қалыптасатын қысымды тиімді пайдалану арқылы оны электр энергиясына айналдыруды көздейді. Бұл үшін ол су есептегіштеріне ұқсас мини-турбиналарды құбырларға орнатуды ұсынды. Құрылғының қарапайымдылығы оны кез келген су құбырына орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай шағын гидроэлектростанциялар көпқабатты үйлердің кіреберістері мен баспалдақ алаңдарын жарықтандыруға қажетті электр энергиясын өндіре алады, сондай-ақ пәтерлерге жеке орнатуға да болады.
Құрылғы экологиялық таза әрі тиімді шешім ретінде көмір мен басқа да отын көздеріне тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар энергияны үнемдеуге және қосымша қуат көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңашыл идея баламалы энергетика саласында жаңа қадам болмақ және болашақта қала инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі