Абай облысының өнерлі оқушылары талантымен таң қалдырып келеді
Абай облысы Семей қаласындағы №3 арнайы мектеп-интернатында «Сұлу саз» фольклорлық ансамблі, «Сырғалым» жетігеншілер, «АРТ лайф» баянистер ансамбльдері жетістіктерімен тәнті етуде.
Еліміздің ертеңі, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – мектеп-интернатта аса өзекті мәселе. Білім ордасында мүмкіндігі шектеулі оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген адамгершілік тәрбие мен адами сезімді қалыптастыру және дамыту мәселесі алға қойылған. Әр аптаның жұма күні ұлттық киім кию дәстүрге айналды. Мектеп қабырғасында оқушылардың қызығушылықтарына қарай әртүрлі үйірмелер бар. Үйірме нашар көретін оқушыларға қазақтың ұлттық музыка өнерін насихаттай отырып, музыка әлемін түсініп қабылдауға, эмоциялық сезімталдығын қалыптастыруда, білімді, мәдениетті болып өсуіне әсер етіп келеді.
Мектепте оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеу ісі жақсы жолға қойылған. Музыка кабинеті ұлттық музыкалық аспаптармен қамтылған. Музыка пәні бойынша үйірмелер жұмыс істеп, мектеп жанынан «Сұлу саз» этно-фольклорлық ансамблі, «Сырғалым» жетігеншілер ансамблі, «Арт Лайф» баянисттер ансамблі, «Асыл мұра» домбырашылар ансамбльдері және қобыз, сазсырнай, басдомбыра, шанқобыз үйірмелері құрылған. Музыканың әсері жасөспірімге дүниені жан-жақты танып-білуге көмектеседі, баланың ойына азық беріп, кеңінен және әдеттен тыс ойлауға үйретеді, халықтың рухани мәдениетіне жақындастыра отырып, патриотизм сезімін тәрбиелеп, адамгершілік және азаматтық белсенділігін оятады.
Сонымен қатар Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық байқауларда «Сұлу саз» фольклорлық ансамблі мен «Сырғалым» жетігеншілер ансамблі Гран при жүлдесін жеңіп алды. Үйірме жетекшісі, музыка пәнінің мұғалімі Сейфулина Қарлыгаш Советовна.
2024 жылғы 1 маусым күні Астана қаласында өткен «JULDYZAI-24» XIX Республикалық балалар шығармашылығы фестивалінде жүлделі ІІІ орынға ие болды.