Әбу Насыр Әл Фараби және оның рухани мұрасы

Қарт тарихтан кемеңгер есімін иеленген айтулы тұлғалар қазақ жерінде баршылық. Қасиетті қазақ топырағы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Көзі ашық, көкірегі ояу ойшыл азаматтары бүкіл шығыс мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза білді. Солардың бірі – түркі әлемінің ойшылы ғұлама ғалым – Әбу Насыр Мұхаммед Ибн-Мұхаммед Ибн- Тархан ибн-Узлаг аль-Фараби ат-Турки (870-950).
Тарихты білмей тұрып, қазіргінің қадіріне жету , болашақты болжау қиын. Орта ғасырларда адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі Әбу Насыр Әл Фараби. Бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай Отырардағы аса бай кітапхананың білім нәрімен сусындауына зор пайдасы болды. Ол парсы грек т.б. тілдерді үйреніп осы тілдерде трактаттар жазды. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Білімге құштарлығының арқасында солкезеңдегі ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шам,Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапу, Хамадан қалаларында болып , үнемі білімін жетілдіріп отырды. Олардан тәлім- тәрбие алды.
Әл Фараби — көрнекті ойшыл, өз замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ, шығыс аристотемизмінің ең ірі өкілі! Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында “Екінші ұстаз” атауына ие болды. Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерт”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат” , “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Ол өзінің идеясына сәйкес ақыл-ойдың, білімнің жоғарғы құндылығын, бауырмалдық пен достық принципін ашады, өз қоғамындағы адамгершіліктің жағымсыз ерекшелікьерін сынайды. “Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары” туралы трактатында мемлекеттікбасқару мәселелеріне, қазіргі қоғамның жетілмеген тұстарын сынауға және әлеуметтік тәртіпті қайта жақсартуға арналған. Бұл еңбегінде ашкөздігімен және озбырлығымен мемлекеттер құратын билеушілердің деспатизміне қарсы тұрды. Фараби көтерген мәселе қоғамдағы сыбайлас жемқорлық- қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі. Ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиян екенін түсінеміз.
Фараби шығармашылық мұрасы орасан зор, өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырды. Жүзден аса ғылыми еңбектері бар, ғылым саласына қарай бөлсек олар мынандай: астраномия, астрология, математика, логика, музыка, иедицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия. Фараби еңбектері күні бүгінге дейін өз мән мағынасын жоғалтқан жоқ. Тамаша өте бағалы еңбегі “Даналық маржандары” деген трактаты мың жылдан бері Шығыс университеттерінің оқулық құралы болып келеді. Мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік- этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін айырықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанты Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.
Әл Фараби – өз заманының және өз дәуірінің өкілі ретінде адамзаттың көптеген салаларында іргелі проблемалар тұралы айтқан әмбебап ойшыл. Ол – әлеуметтік өркениет пен мәдениеттің тарихында терең із қалдырған ойшылдардың арасында лайықты орын алған данышпан!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық жне әкімшілік құқық кафедрасының
PHD докторы, аға оқытушы Бискультанова А.М.,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық жне әкімшілік құқық кафедрасының
1 курс магистранты Абжапарова Ф.А.