«Қазақтелеком» су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 млрд теңге аударды

Қазақстанның ірі телеком-операторы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде 1 миллиард теңге аударды. Қаражат қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» тобы компанияларының қаражатын осы мақсаттарға жинақтайтын Samruk-Kazyna Trust-қа жіберілді.

«Біз Қазақстанның түрлі өңірінде төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап отандастарымызға барынша көмек көрсеттік: еліміздің әр түкпірінде компания қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялауға қатысты, біздің мамандар мен техниканың көмегімен су бөгеттерін нығайтып, қарғын суды бұру жұмыстары жүргізілді, — дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев. — Әлбетте, компания қызметкерлері өздерінің тікелей кәсіби міндеттерін орындауда, яғни су тасқыны қауіп төндірген өңірлерді үздіксіз байланыспен қамтамасыз етеді. Біз су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға материалдық көмек көрсету мәселесінде де шетте қалмаймыз: қазіргі уақытта компания өз қаражатынан 1 миллиард теңге бөліп, қаржыны еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аудандарға шұғыл қолдау көрсетуге пұл жинайтын Samruk-Kazyna Trust қорына аударды».

Естеріңізге сала кетейік, қарғын судан зардап шеккен азаматтарға «Самұрық-Қазына» портфельдік компаниялары арқылы Samruk-Kazyna Trust бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы қаражат жинау туралы шешім сәуір айының басында қабылданған болатын. Қазіргі уақытта Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, құрылымда осы мақсаттарға 15 миллиард теңге жинақталған. Еліміздің ірі телеком-операторынан басқа, зардап шеккендерге Қордың корпоративтік орталығы, «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан Темір Жолы», «Қазақгаз», Kegoc, «Эйр Астана» авиатасымалдаушысы және «Самұрық-Энерго» компаниялары қаржылай көмек аударды.

Материалдық көмектен басқа, «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін портфельдік компаниялар мен еншілес ұйымдар жергілікті әкімдіктер мен төтенше жағдай департаментімен бірлесіп апатық-құтқару жұмыстарына қатысып, техника ұсынуда, нысандар мен тұрғын үйлердің бүлінген инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектесіп жатыр.

«Қазіргі жағдайда қызметкерлердің қауіпсіздігі мен жабдықтың тұтастығын қамтамасыз ету портфельдік компаниялардың алдында тұрған басым міндеттердің бірі болып табылады. Мұндай ахуалда бәріміз бірігіп, төтенше жағдайдың алдын алуға күш салуымыз қажет. Осы бағытта алдын алу жұмыстарын жалғастырып, сонымен қатар зардап шеккен өндірістік нысандардың жұмысын қалыпты тәртіпке әкелетін іс-шараларды жүргізу қажет», — деп, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма басшысы Нұрлан Жақыпов портфельдік компаниялар басшыларының қатысуымен өткен төтенше жағдайға қатысты жедел штаб отырысында атап өтті.

Айта кетейік, алғашқы күннен бастап Қор тобына ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсететін портфельдік компаниялардың еншілес және тәуелді ұйымдарының ерікті апаттық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. «Қазақтелекомның» техникалық блогы телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жедел штабтар құрды. Онда табиғат апатымен күрес жүргізетін барлық бөлімшелердің жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін байланыс орталықтары ұйымдастырылған.

Бұдан басқа, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде «Қазақтелеком» апаттық-қалпына келтіру байланыс топтарын құрды, топ мүшелері су тасқыны салдарынан зақымдалған жабдықтарды тез арада жөндеп жатыр. «Қазақтелекомның» байланыс мамандары «Самұрық-Қазына» Қорының басқа да портфельдік компанияларының қызметкерлері сияқты, зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық заттар жөнелтіп, барынша қолдау көрсетуде.