Air Astana тобының басшысы AAPA Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Air Astana тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел 2026 жылғы 12–13 қарашада Куала-Лумпурда өткен Азия-Тынық мұхиты әуекомпаниялары қауымдастығының (AAPA) басшылары қатысқан 70-ші Ассамблеяға қатысты. Іс-шара аясында ол AAPA Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Air Astana қауымдастыққа мүше 18 әуекомпанияның қатарына кіреді. Олардың қатарында Singapore Airlines, Cathay Pacific, Air India, Japan Airlines, All Nippon Airways және Thai Airways бар.
«Авиацияны қайта пайымдау: өсу, орнықтылық және инновациялар» тақырыбымен өткен Ассамблея авиация саласының 170-тен астам өкілінің басын қосты. Іс-шара әуекомпания басшыларына саладағы өзекті сын-қатерлер жөнінде пікір алмасып, одан әрі өсу мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты. Талқылаулар барысында әлемдік және өңірлік авиацияның дамуына ықпал ететін негізгі мәселелер, соның ішінде геосаяси ахуал, әуе кемелерін жеткізудің кешігуі, авиациялық отын бағасының құбылмалылығы және саланың орнықты даму жолына көшуі қарастырылды.
«AAPA басшыларының Ассамблеясы әуекомпания жетекшілеріне тәжірибе алмасуға, салаға ортақ сын-қатерлерді бірге талқылауға және өңірдегі ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. AAPA Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалу мен үшін үлкен мәртебе. Қауымдастық жұмысына және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі әуе көлігінің одан әрі дамуына өз үлесімді қосуға ниеттімін», – деді Air Astana тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.
Бұл тағайындау Air Astana тобының халықаралық авиация қауымдастығындағы белсенді рөлін және Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Халықаралық сапарларға сұраныс артып келе жатқан тұста екі өңір арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту туризмді, сауданы және экономикалық өсуді қолдауда барған сайын маңызды рөл атқарады.




