Ақсу ферроқортыпа зауытының жаңа директоры таныстырылды

Мұсабек Макашев Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол зауыттың өндіріс жөніндегі директоры қызметін атқарған. Бүгінге дейін зауытқа жетекшілік етіп келген Валентин Чихичин ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ жобалары жетекшісі қызметіне ауысты.

Мұсабек Жамансарыұлы Макашев Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетін, Сақтаған Бәйішек атындағы Ақтөбе университетін және Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін тәмамдаған. «Инженер-металлург» және «Қаржы» мамандықтары бойынша бакалавр, техника және технология магистрі.

Еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында бастаған. Үйренуші балқытушыдан балқыту цехының басшысы қызметіне дейінгі кәсіби өрлеу сатыларының барлығынан өткен. Мұсабек Жамансарыұлының тікелей қатысуымен «Қазхромда» №4 заманауи балқыту цехын құру және іске қосу, оны жобалық қуатқа жеткізу стратегиялық жобалары сәтті жүзеге асты. Өндіріс қалдықтарын өндіріс процестеріне қайта өңдеу қамындағы маңызды экологиялық жоба іске асырылған.

Ол 2022 жылы Ақсу ферроқорытпа зауытына өндіріс жөніндегі директордың орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.

Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.