Ақсу қаласында жыл сайынғы «Tugan Qala» форумы өтті

Хромтау, Рудный мен Ақсу қалалары, Қашар және Октябрьский кенттерінде «Tugan Qala» бастамасының табысты жүзеге асып келе жатқанына биыл үшінші жыл. Негізгі мақсат – елді мекен тұрғындарын іске молынан жұмылдыра отырып, жалпы қала кеңістігін үйлесімді дамыту. Туған қалаларын ілгерілету ісіне жұмылған мыңдаған тұрғынның болашаққа деген көзқарасы өзгерді. Үш жыл ішінде байқауда 102 жоба «жеңімпаз» деп танылып, оларды іске асыруға 650 млн теңге бағытталған. Ақсуда өткен форумда моноқалаларды дамыту ісін табысты жүйеге келтіру, белсенді тұрғындар, жанашыр бизнес пен жауапты атқарушы органның ортақ ісін үйлестіру мәселелері талқыланды.

«Tugan Qala» жобасы қалай іске асады?

Жоба негізі – партисипаторлы (бастамалы) бюджеттеу қағидалары мен оған қатысу мәдениеті. Компания үкіметтік емес ұйымды серік етіп, жергілікті әкімдікпен бірлесіп қала инфрақұрылымын дамыту ісіне тұрғындарды барынша молынан жұмылдырады. Жоба механизмі өте оңай: кез келген тұрғын қаланы абаттандыруға қатысты өз бастамасын ұсына алады. Ол сәтті шықса, қала тұрғындары арасында дауысқа салынады. Нәтижесінде ең керекті жобаларды тұрғындар өздері таңдап, олардың іске асырылуына дауыс береді. Жеңімпаз жобалардың іске асырылуын қаржыландыру мәселесі ERG мен жергілікті әкімдіктер арасында жыл сайын жасалатын Меморандумға енгізіледі.

2 еселенген екпін

Жобаның арқасында жыл сайын алуан түрлі жаңа нысандар – балалар алаңдары, автотұрақтар, ескерткіштер, жүгіру жолдары салынып, көшелерді көгалдандыру мен жарықтандыру бастамалары іске асып келеді. 3 жыл ішінде Ақсу тұрғындарынан түсетін ұсыныстары саны 2 есеге артқан. Бүгінге дейін 137 жоба ұсынылып, 28 бастама жеңімпаз атанды. Былтыр 16 жоба іске асса, биыл 12 абаттандыру бастамасы қолға алынған.

– Біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің түп негізі – «туған қала» тұрғындарына қамқорлық. Бізге олардың үйлесімді дамығаны, тек біздің кәсіпорындардың қызметкерлері ғана емес моноқалалардағы барлық тұрғындардың жайлы ортада өмір сүргені маңызды,- деді Бас директордың персонал мен мәдениет жөніндегі орынбасары Ақмарал Найзабекова. – «Tugan Qala» жобасы тұрғындардың қаланы көркейту бағытында нақты істерді қолға алуға дайын екенін көрсетті. Жобаның табысты болуына тұрғындардың өздеріне құлақ асуымыз сеп болды. Біз тұрғындарға «туған қалаларын» дамытып, оған өз өзгеріс әкелу мүмкіндігін ұсындық. Соған күш салдық.

Моноқала тұрғындарының жаңа бейнесі

Жоба қолға алынғаннан бергі 3 жылда қалалық дауыс беруге 21 мыңға жуық адам қатысқан. Жыл сайынғы «Tugan Qala» форумында мұндай бастамалар мен қаланың ифрақұрылымын дамытуға қатысты тың ұсыныстар талқыланады. Биыл бастаманы дамыту мен оның ауқымын кеңейту мәселелері сөз болды. Қаладағы барлық инфрақұрылымдық өзгерістердің кешенді, ұзақмерзімді тиімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғындарды қаланың мастер-жобасын әзірлеу ісіне де жұмылдыру жайлы сессия қосылды.

– Бұл бастамаға атсалысатын адамдар қатарының артуы бірлескен жобамыздың қазірден бірқатар тұрғындардың көңіліне жол тапқанын көрсетеді. Ең қуаныштысы бұл – ұзақмерзімді оң өзгеріс. Туған қалаларына жанашыр болған Ақсу тұрғындары осы өнегесімен отанын шын сүйетін жаңа буынға үлгі болып жүргеніне кәміл сенеміз, — деді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбин.

Жобаның ендігі жоспары қандай?

«Tugan Qala» жобасының ауқымы кеңіп, Ақсу, Хромтау мен Рудный қалаларының қатарына былтыр Қостанай облысындағы Қашар және Октябрьский кенттері қосылды. Бұл кенттердегі бастаманың алғашқы кезеңінде 23 инфрақұрылымдық жоба жеңімпаз атанып, іске асырылып жатыр.
Бұдан былай бастама түріне тек инфрақұрылымдық жоба болуы тиіс деген шектеу жоқ. Ендігі жерде тұрғындар бұқаралық мәдени шаралар, спорттық-білім беру бастамаларын да жоба ретіндле ұсына алады.

– Біздің тәжірибе қоғамдық инфрақұрылымды дамыту кезіндегі ең тиімді шешімдер бірлескен жұмыс барысында табылатынын көрсетті. Бұл алаң осымен үшінші жыл қатарынан жергілікті әкімдіктер, азаматтық белсенділер мен бизнес арасындағы конструктивті диалогты паш етті. Ортақ іске осылай күш біріктіру нәтижесінде жаңа идеялар туындап, бұл бастамалар тек қоғамдық кеңістікті ғана емес, оған қатысатын тараптарға да оң өзгерістер әкелді,— деп атап айтты ЛОНИ (Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру зертханасы) атты автономды коммерциялық емес ұйым өкілі Дмитрий Котов.