Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қарқынын үдетті
Қазақстандық металлургтердің тұрақты ток пештерін жоғары қуатқа жеткізу тәжірибесі Канада, Еуропа, Ресей мен Африкадан келген сарапшылардың қызығушылығын тудырды
Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Ферроқорытпа саласындағы трансформация: сын-қатерлер мен трендтер» атты алғашқы халықаралық конференция Канада, Еуропа, Ресей және Африка елдерінен келген металлургия саласындағы сарапшылардың, отандық және халықаралық университеттердің студенттері мен ERG кәсіпорындары мамандарының басын қосты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде өткен іс-шараны ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ұйымдастырған.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты осыдан 80 жыл бұрын салынған. Зауытта жалпы қуаты 500 МВт және жылына 740 мың феррохром өндіретін үш балқыту цехы бар. Зауыттың ең «жас» цехы – 2014 жылы іске қосылған №4 бөлімше. Оның жобалық қуаты – жылына 440 мың тонна феррохром.
– Бүгінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытын тұрақты тоқ пештерін дамытудың көшбасшысы деп атауға болады, — деді зауыт директоры Ержан Абдулабеков. – 4-цехты жобалық қуатқа шығарарда көптегеген кедергілерге тап болдық. Істен шығулар, тоқтаулар, тіпті бұл істен күдер үзген кездер де болды. Өйткені біз қолданатын технологиялар бірегей. Жобалық қуаты — 72 Мвт болатын пештер әлемнің еш жерінде жоқ. Мамандарымыз Оңтүстік Африкаға барып, олардың зауыттарындағы қуаты аз болса да, өзіміздікіне ұқсас пештерді қарап, шетелдік әріптестерді іске тартты. Алайда, соңында пештердің құрылымымен жұмыстан өзіміздің мамандардың, технологтарымыздың күшімен жобалық көрсеткіштерге қол жеткіздік. Ал бүгінде біз 75 Мвт-тық қуатпен тұрақты істеп жатырмыз. Оның үстіне 80 Мвт-қа көшуді сынап жатырмыз. Зауытымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай нәтижелерге жеткенімізге қуаныштымын.
Шетелдік әріптестер қазақстандық мамандардың өндірістік жетістіктерін жоғары бағалады.
– Мен бұл жобаны о бастан білемін, — дейді Австриядан келген RHI-Magnesita AG компаниясының өкілі Мартин Хансел. – Осы зауытқа алғаш 2011 жылы келген болатынмын. Сондай-ақ жобаның басынан бастап бүгінгі күнге дейінгі әсерлі нәтижелеріне куә болғаныма қуаныштымын. Әрине, басында түйткілдер мен кедергілер болды. Себебі бұл төрт пеш – әлемдегі ең үлкен пеш. 80 Мвт-қа қол жеткізгенде «Қазхром» осы саланың бенчмаркіне айналары сөзсіз.
Ллойд Нельсон, тұрақты тоқ пешін жасаушы, Оңтүстік Африка Республикасы:
– Мұнда болу мен үшін үлкен мәртебе. Зауыттың 80 жылдық тарихы қызықтырмай қоймады, өте әсерлі. Бірақ ерекше болғаны – 4-цехтағы тұрақты тоқтың мынандай қуатты төрт пештің әлемнің еш жерінде болмауы. Оның үстіне бұл шағын емес, толық көлемді пештер. Мен тұрақты ток пештерімен алғаш рет осыдан қырық жыл бұрын жұмыс істей бастадым. Сол себепті бүгінгі шараға қатысу маған өте маңызды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – Қазақстан қара металлургиясының тұңғышы. Өңір мен еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Биыл компания өзінің 80 жылдығын атап өтеді. Зауыт өнімдері отандық және еуропалық стандарттар бойынша өндіріліп, Еуропа, Жапония, АҚШ елдеріне экспортталады. Бүгінде зауытта өндірісті жаңғыртуға, қуатты арттыруға және экологияға байланысты ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Мысалы, компания 2022 жылы аты аңызға айналған бірінші «Комсомолка» пешін (1943 жылы іске қосылды) толық жөндеуге шамамен 14 миллион доллар қаржы бөлді. Өткен жылы екінші цехтағы 22-пешті жаңалауға 625 мың доллардан астам қаржы бөлінді. 2023 жылы 23-пешті жаңғырту жалғасады. Мұндағы жалпы бюджет шамамен 1 миллион доллар.
– «Хром» дивизионы үшін 2023 жыл – ерекше маңызды. Бірден үш мерейтой: Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатына – 85 жыл, Ақтөбе ферроқорытпа зауытына – 80, Ақсу ферроқорытпа зауытына – 55 жыл толғалы отыр, — деді «Қазхром»ТҰК» АҚ Бас директоры Сергей Прокопьев. – Бізге бір орында тоқтап қалмай, алға қарай жылжу, үнемі технологияларды дамытып, мықты деген ең үздік жобаларды енгізіп, Қазақстанның жас кадрларын дамыту аса маңызды. Сондықтан біз үздік мамандар тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болатын, ал студенттер мен ғылыми қауымдастықтар металлургия саласының жаңалықтарын жергілікті мамандардан көріп қана қоймай, шетелдік әріптестердің де жұмысымен таныса алатындай диалог алаңын құру бастамасын қолға алдық. Шара еліміздегі ферроқорытпа өнеркәсібінің дамуына қуатты серпін береріне сенімдімін.