Ақтөбе металлургтері Елек өзеніне тұқы балығының 370 мыңнан астам шабағын жіберді

Ақтөбедегі Елек өзеніне бір күнде 46 мың тұқы шабағы жіберілді. ЕRG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері балық қорын молайтқан кезекті  экологиялық науқанды келісім шарт міндеттемелерін орындау аясында жүргізді.

«Қазхром» 2015 жылдан бері Елек өзеніне балық жіберіп келеді. Содан бері өзенге жіберілген шабақтардың жалпы саны 370 мыңға жеткен. Компания жыл сайын осы мақсаттарға шамамен төрт миллион теңге бөледі.

«Кәсіпорындарымыз өңіріміздің экологиялық балансын қалпына келтіруге жыл сайын өз үлесін қосып келеді. Сыртқы факторларды ескерсек, балықтардың бәрі тегіс бейімделіп кетпейтіні де белгілі. Бұл өзендердегі су деңгейінің төмендеуі, браконьерлік және тағы басқа себептердің салдары. Биыл су тоғандарын толтырған шабақтар аман қалып, табиғи ортасын қайта қалпына келтіруге септеседі деп үміттенеміз», — дейді компанияның бас экологы Светлана Мащенко. 

Облыстағы балық қорына қатысты мәселе шынымен де өзекті. Бұл тақырыпты жергілікті экологтар мен қоғам белсенділері бір емес, бірнеше рет қозғаған болатын. «Ақтөбе, дыши!» қоғамдық қозғалысының белсендісі Евгений Лазарчуктің айтуынша, жергілікті тұрғындар үшін бұл су қоймаларындағы балықтар ең қолжетімді азық-түлік өнімі саналады екен.

«Балықшылар бұл жерге үйреніп алған. Оған қоса браконьерлер бар. Қала тұрғындары бізге балық қорының сарқылуы мәселесін шешуді сұрап, жиі көмекке жүгінеді. Қазіргі таңда біз маңызды іске кірістік. Балық шаруашылығының өкілдерімен бірге балықтандыру орнын таңдадық. Бұл өте маңызды. Табиғи ортаға балықты босату үшін ең дұрыс жерді таңдау қажет», — дейді Евгений Лазарчук.

Тұқы балығы Ақтөбе өңіріндегі тұқы мен бекіре тұқымдас балық өсіретін жалғыз балық шаруашылығынан сатып алынды.

«35 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысып келемін. «Қазхром» жеке компаняилар арасынан Елек өзенін балықпен қамтамасыз ету үшін үнемі қаржы бөліп отырады. Қазір су қоймаларын толтыруға ең қолайлы уақыты. Ал тұқы жергілікті жерде өсіріледі. Сондықтан олардың өміршеңдік деңгейі жоғары болу керек», — дейді балық шаруашылығының негізін қалаушы Қали Исмаилов.