Ақтөбе облысында алдағы бес жылда 22 су қоймасын салу жоспарланып отыр
Бүгінгі күні оның жетеуі бойынша техникалық экономикалық негіздеме әзірленді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған соң, жобалық-сметалық құжаттары жасалып, 2025 жылы мамандар құрылыс жұмыстарына кіріседі.
Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелдіұлы мәлімдеді.
Баяндамашының сөзінше, Ақтөбе облысында жер үсті суын ұлғайту мақсатында кешенді жоспар бекітілген, ол ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне келісуге жолданды. 2024-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құжатта 22 су қоймасын салу көзделген. Жобалар жер үсті су ресурстарын сақтап қалуға, жалпы су көлемін 491,62 млн. текше метрге, суландыру алаңын 49 070 га ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, өңірде 206 гидротехникалық құрылғы бар, олардың 611,8 млн. текше метр суды сақтап қалатын мүмкіншілігі бар. Үш ірі су қоймасының жағдайы – бақылауда. Қазіргі таңда Қарғалы, Ақтөбе және Саздыдағы судың нақты көлемі есептелген жобалық көлемге жетпейді.
Облыс басшысы салалық басқарма, аудан әкімдіктері және «Қазсушар» мекемесіне су шаруашылығын реттейтін жол картасымен жұмыс істеуді, бекітілген кешенді жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыруды міндеттеді. Сондай-ақ, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты, бөгеттердің жағдайын басты назарда ұстауды тапсырды.
Гидротехникалық құрылғыларды бақылау жұмыстары 1 мамырға дейін жүргізілетін болады.