Ақтөбе облысының әкімі мемлекеттік сатып алуды өткізу мәселелері бойынша жиын өткізді
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірде мемлекеттік сатып алуларды өткізу мәселесі қаралды.
Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы жоспарланған жобалар туралы баяндады. Амангүл Қаратаеваның сөзінше, биыл облыста жалпы сомасы 62 млрд. теңгеден астам 314 жоба бойынша конкурстық рәсімдер өткізу жоспарланған. Оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысты – 140, техникалық қадағалау – 140, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөнінде – 18, қызметтерді сатып алу – 16 жоба.
Биыл Ақтөбе қаласынан бөлек, облыс аумағында автокөлік жолдарын жөндеу бойынша 41 жоба жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда тек 18 жобаның ғана тиісті құжаттары дайын. Аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу қажет деген Әйтеке би, Алға, Темір және Ойыл аудандарының өтінімдері кешеуілдеп жатыр. Өңір басшысы жұмысына салғырттық танытып, тапсырмалардың уақытылы орындалмауына жол берген аудан әкімдіктерінің өкілдеріне ескерту жасады.
«Мен қараша айында 2024 жылы іске асырылатын жобалар бойынша құжаттарды дайындауды тапсырдым. Жұмыстарыңызға немқұрайлы қарап, салғырттық танытып отырсыздар. Мәселен, Әйтеке би ауданы 8 жобаның 4-еуі бойынша өтінім берген. Бұл ауданда бірнеше рет жолдың мәселесі көтерілді. Тез қимылдап, бөлініп отырған қаражатты пайдаланып, мәселелерді шешіп алу керек. Ертеңгі күні жобалар жүзеге асырылмаса, халыққа не айтамыз?», — деді Асхат Шахаров.
Жиын қорытындысына сәйкес, облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар нақты міндеттер қойды және анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін белгілеп берді.