Алматы облысында көп балалы ана үшемді дүниеге әкелді
33 жастағы көп балалы ана үшемдерді дүниеге әкелді. Көп балалы ана жүктіліктің ерте мерзімінде бірден үш баланың анасы болатынын білген. Жүктіліктің 32 аптасында екі қыз және бір ұл дүние есігін ашты. Дәрігерлер үшемдер мерзімінен бұрын туғанмен бүгінгі таңда ана мен баланың денсаулығы жақсы екенін айтады.
«Балалар 2170, 1490, 1900 грамм салмақпен дүниеге келді. Алғашқы күндері олардың жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратында болды. Акушер-гинекологтар мен медбикелердің бақылауымен үш аптаның ішінде жаңа туған нәрестелердің әрқайсысы 300-ден 700 грамға дейін салмақ қосты», – дейді акушер Гүлжахан Сыздыққызы.
Бақытты ата-ана Шолпан Мамашева мен Жарқын Бағлаев қыздарына Дильназ және Гүлназ есімдерін таңдап, ұл балаға Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылының әкімі құрметіне Темірлан есімін беруді жөн көрген.
«Мен екінші рет үшемді дүниеге әкелдім. 2020 жылы табиғи жолмен босандым. Бірақ менің және балаларымның жағдайы өте ауыр болды, дәрігерлер бір ғана баланы аман алып қалды. Бұл жолы мұқият дайындалып, білікті дәрігерлерді таңдап, алдын ала барлық қажетті процедуралардан өттім. 32 аптада Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасына жатқызылып, жоспарлы түрде кесір тілігімен босандым. Сәбилер шала туғандықтан, олардың жағдайы ауыр болды. Бірақ мен дәрігерлерге сеніп, кішкентай періштелеріммен кездесуді күттім. Қазір босанғаннан кейінгі үшінші аптада мен балаларыммен қуана қауыштым. Мен қазір сегіз баланың анасымын, – дейді қуанышпен Шолпан Мамашева.
Айта кету керек, 2023 жылы Алматы облысында 26 825 бала дүниеге келсе, оның 233-і егіз, бір рет үшем дүниеге келді.