Алматы облысының туризм саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды
Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер өңірдің туристік нысандарына мониторинг жүргізу барысында Көлсай, Қайынды және Есік көлдеріндегі жемқорлық тәуекелдерін анықтады.
Мониторинг жүргізуге желіде таратылған туризм инфрақұрылымының жай-күйін сынайтын бейнероликтер негіз болды.
Нәтижесінде экологиялық алымдарды төлеудегі және мақсатты пайдаланудағы ашықтықтың жоқтығы, модульдік қоғамдық дәретханалардың жұмыс істемеуі және оларға талапқа сай техникалық қызмет көрсетпеу, сондай-ақ қызметтерді талапқа сай көрсетпеу сияқты жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Мәселен аталған туристік нысандарды зерделеу барысында «Көлсай көлдері» Ұлттық паркінің аумағына кірген кезде қызметкерлер кассалық аппаратты айналып өту үшін төлемнің қолма-қол нысанын пайдалана алатыны анықталды.
Сондай-ақ, 2022 жылы Кеген ауданы әкімдігі бір данасын 11,4 млн теңгеге сатып алған стационарлық модульдік әжетхана жұмыс істемей тұрғанын (электр жарығы мен су жоқ) анықтады. Тағы 3-і қолданысқа берілмеді.
Еріктілер Саты ауылынан Қайынды көліне дейінгі жолдың нашарлығын да атап өтті. Салдарынан туристер көлге жету үшін жергілікті тұрғындардың қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Аталған фактілердің барлығы Алматы облысының туристік саласы мен имиджіне тікелей әсер ететінін ескере отырып, еріктілер бірнеше ұсыныстар ұсынды:
• туристік инфрақұрылымды жаңартуды ескере отырып, облыстың туристік саласын дамыту жөніндегі кешенді стратегиялық құжатты әзірлеу;
• саяхаттауға қолайлы жағдай жасау үшін аймақтың жай-күйі мен санитарлық-гигиеналық тораптармен қамтамасыз етілуін талдау;
• Саты ауылынан Қайыңды көліне дейінгі жол салу және туристерді тасымалдау үшін «Еуро-4» стандартынан төмен автомобильдерді пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдау;
• туристік орындардағы ағаш дәретханаларды жою.