Қазақстан азаматтары Израильден елге жеткізілді

11 қазанға қараған түні Алматы әуежайына Израильдегі жағдайдың күрделенуіне байланысты Тель-Авивтен ұшып шыққан арнайы рейс 166 адамды Қазақстанға аман-есен жеткізді. Олардың 124-і – Қазақстан азаматтары, қалғандары өзге елдің азаматтары.

Тель-Авивтен жеткен ұшақ Ақтау арқылы Алматыға жеткен бойда Air Astana әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Әділ Дәулетбек былай деп мәлімдеді:

«Бүгін Air Astana әуе компаниясы А321 ұшағымен Тель-Авив – Алматы эвакуациялық рейсімен 166 жолаушыны жеткізді, оның басым бөлігі – Қазақстан азаматтары. Израильдегі ахуал 7 қазан күні күрт нашарлап кеткендіктен Air Astana әуе компаниясы ұшуды тоқтатқан болатын. Тек бүгін ғана компанияның эвакуациялық рейс шығаруға мүмкіндігі болды. Тель-Авив әуежайында бірде-бір Қазақстан азаматы қалған жоқ. Бәрін аман-есен алып шығып, елге жеткіздік»

Осы орайда Израиль мен ХАМАС радикал тобы арасында басталған соғысқа байланысты Израильдегі Қазақстан елшілігі отандастарымызбен әрдайым байланыста болғанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ, Air Astana әуе компаниясы тұрақты рейстердің жұмысын уақытша тоқтатып, жерлестерімізді елге жеткізуге арнайы рейсті ұйымдастырды.