Алматы оқушылары су тасқынынан зардап шеккен жандарға әлеуметтік көмек жолдады
Су тасқыннан зардап шеккен аймақтарға Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінің ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қауымдастығы бірігіп 4 миллионға жуық қайырымдылық көмек жасады. Мектеп ұжымы жинаған қаражат Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында жер үйлері мен қора-қопсы топан судың астында қалған көпбалалы отбасыларға жіберілді.
Мектептің оқушылары мен ата-аналар қауымдастығы қайырымдылық жәрмеңке ұйымдастырып, қолдан пісірген тамақ, тәттілер сатылды. Жалпы шарадан түскен қомақты қаражат зардап шеккен аймақтардағы Зияткерлік мектептерінің баспанасыз қалған оқушылардың жанұяларына көмек ретінде жіберілді. Сонымен қатар гуманитарлық жәрдем ұйымдастырылып, табиғи апатқа дұшар болған отандастарға қажетті киім-кешектер, жылы көрпелер, етіктер, гигиена тауарлары, ұзақ мерзімді азық-түлік, оның ішінде өсімдік майлар, макарон — жарма тағамдары, шай-сүт, қант, тұз, тұрмыстық химия тауарлары, су, балаларға арналған киім, памперстер, т.б. бірінші қажетті заттар алынды.
Зияткер- еріктілер тауарларды реттеп, үйлестіріп жіберуге ат салысты. Бір жүк машина гуманитарлық көмекпен Қостанай қаласындағы Зияткерлік мектеп базасындаға жәрдем қабылдайтын орталыққа жол тартты. Қосымша ата-аналар ақшалай 600 000 теңге көмегін облыстың су алып жатқан аймақтарына жанармаймен қамтамасыз ету мақсатына және Күлсары түрғындарына жылы көрпелер алдыруға жіберді.
Бұрын-соңды болмаған су апаты кезінде ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар белсенділік танытып өз азаматтық борыштарын орындап, жан-жақты көмек көрсетуде. Күрделі уақытта барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, зардап шеккендерге қол ұшын созып жатыр. Елмен көтерген жүк ауыр демекші, барынша отандастырымызға көмегімізді беруге дайынбыз,- деді Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова.