Алматыда есірткіге қарсы күреске бағытталған фронт-офис ашылды

Жетісу-2 комьюнити орталығында «Esirtkisiz QAZAQSTAN» жобасы аясында есірткіге және есірткі қылмысына қарсы күреске бағытталған фронт-офистің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа кеңсе Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Жетісу комьюнити орталығы мен «Esbol Qory» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылды. Кеңсе есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде ашылып, жастардың құқықтық және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұлттық профилактикалық стратегияны іске асыруға үлес қоспақ.

Ашылу рәсіміне ҚР Ішкі істер министрлігі жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің төраға орынбасары Жандос Ақтаев, Жетісу комьюнити орталығының жетекшісі Әкежан Бақытұлы, Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілдері, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) Қазақстандағы кеңсесі, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.

Фронт-офис алдағы уақытта есірткіге қарсы түрлі ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізіп, жастармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуді мақсат етеді. Атап айтқанда, есірткіге қарсы тренингтер, семинарлар, еріктілермен бірге алдын-алу акциялары ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтық кеңес беру қызметтері де көрсетілмек.

Іс-шара барысында спикерлер есірткіге тәуелділіктің салдары, жастар арасында кең таралу қаупі және оны болдырмаудың жолдары туралы баяндап, тың бастаманың маңыздылығына тоқталды. Жандос Ақтаев өз сөзінде:

«Бұл фронт-офис – тек бір кеңсе емес, бұл – болашақ ұрпақты қорғау жолындағы нақты қадам. Біз қоғамды ақпараттандыру және жастарды қорғау арқылы ғана есірткі қылмысының алдын ала аламыз», – деп атап өтті.

Фронт-офис жұмысы аясында түрлі бағыттар бойынша мамандар тартылып, қала жастарына тұрақты түрде кеңес беру, қолдау көрсету және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.

Ұйымдастырушылар осындай кеңселердің басқа да аудандарда ашылатынын және бұл бастама еліміздің қауіпсіз әрі салауатты болашағын құруға ықпал ететінін жеткізді.