Алматыда микромобильділіктің Бірыңғай операторы өз жұмысын бастады

Қазақстанның оңтүстік астанасында ел мен аймақ үшін бірегей жоба — микромобильділіктің Бірыңғай операторы іске қосылды. Бұл бастама Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасы мен Алматы қалалық Полиция департаментінің қолдауымен, жетекші шерингілік қызметтер — Jet, Yandex және Whoosh компанияларымен серіктестікте жүзеге асырылды.

2025 жылғы 1 маусымнан бастап оператор Алматыдағы шерингілік компаниялардың жұмысын үйлестіріп, мегаполистегі микромобильділік стандарттарын қалыптастырады. Бұл инфрақұрылымдық реформа қаланың көшелерін электросамокат қолданушыларға ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілерге, автокөлік жүргізушілеріне және балалы ата-аналарға да қауіпсіз, ыңғайлы әрі еркін етуге бағытталған.

Тәртіпсіз тұрақтаудың алдын алу, әлеуметтік нысандар маңындағы қозғалыс жылдамдығын төмендету, жолдағы саналы мінез-құлықты дамыту — осының барлығы жаңа институттың негізгі міндеттерінің бірі болып отыр.

Пилоттық кезең аясында қалада 15 сандық геозона бөлінді. Бұл қаланың орталық бөлігіндегі ең тығыз учаскелер, оның ішінде басты көлік магистральдары — Абай және Әл-Фараби даңғылдары. Бұл аумақтар кешенді мониторинг жүргізілетін алғашқы нүктелерге айналды.

Маршруттар бойынша күн сайын арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер — скауттар жұмыс істейді, олар:

  • дұрыс емес тұрақтау жағдайларын анықтап, жояды,

  • самокаттарды рұқсат етілген аумақтарға жылжытады,

  • құрылғыларды стандартқа сай орналастырады,

  • қалалық кеңістіктің тазалығы мен тәртібін қадағалайды.

Патруль алдын ала белгіленген бағыттар бойынша жүргізіледі. Сағат 07:00-ден 23:00-ге дейін екі ауысымда 35 скаут жұмыс істейді. Олардың жұмысы тәжірибелі супервайзерлер тарапынан үйлестіріледі. Барлық қызметкерлер міндетті оқудан және нұсқаулықтан өтті.

Оператордың жұмысы ауқымды ағартушылық бағдарламамен толықтырылады. Оның шеңберінде келесі шаралар қарастырылған:

  1. Қала тұрғындарына арналған ақпараттық науқандар, флешмобтар және оқыту шаралары

  2. Мектептер, балабақшалар, саябақтар және әлеуметтік маңызы бар басқа нысандар маңында жылдамдықты төмендету шаралары

  3. Жаяу жүргіншілер көшелерінде, көпірлер мен автомагистральдарда no-ride-аймақтарды енгізу

  4. ЖОО, қоғам белсенділері және сауда ойын-сауық орталықтарының қатысуымен «Дұрыс жүр», «Тротуарды жаппа», «Сенің жылдамдығың — біреудің қауіпсіздігі» сияқты ұрандармен білім беру акциялары

  5. Әкімдік, полиция, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірлескен шешімдер қабылдау және әрекеттерді үйлестіру үшін дөңгелек үстелдер