Алматыда «Нәрестелер аллеясы» ашылды

Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының аумағында «Нәрестелер аллеясы» ашылды. Игі бастама аясында осы Орталықта дүниеге келген балалардың отбасылары 80 түп алма ағашын екті. Бұл туралы қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.

Акцияға балаларымен бірге ата-аналар, ата-әжелер қатысты. Іс-шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысушыларды аллеяның ашылуымен құттықтады.

«Бұл аллея – өмірдің, отбасылық бақыт пен үміттің символы. Әр ағаш сәбидің өмірге келуімен сабақтасып, әр отбасының тарихындағы ерекше сәтті бейнелейді. Алма ағаштары тамырын тереңге жайып, жайқалып өссін. Олармен бірге балаларымыз да өсіп, дені сау, бақытты болып ержетсін», – деді Марат Пашимов.

Ол заманауи медицина – технология мен жоғары дәлдіктегі медициналық көмек қана емес, ең алдымен әр баланың өмірі мен денсаулығына деген қамқорлық екенін атап өтті.

2022-2025 жылдары Орталықта 33 мыңнан астам сәби дүниеге келді, 1,6 мыңнан астам жаңа туған нәрестеге жансақтау және қарқынды терапия бөлімдерінде медициналық көмек көрсетілді.

Отбасылармен бірге егілген 80 алма ағашы Орталық аумағындағы жаңа «Нәрестелер аллеясының» негізін қалады.

Алматы қаласының баспасөз қызметі