Мумбайды өз көзіңмен көргенде…

Ғажап ел Үндістанға бұл менің екінші сапарым. Бірақ Мумбайға алғаш рет бардым.

Үндістан Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық медиа-бағдарламаға қатысып, әлемнің жиырмаға жуық елінен келген әріптестермен бірге елдің саяси, экономикалық, технологиялық және мәдени өмірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым.

Үндістан: тарих пен технология үндескен кеңістік

Сапардың алғашқы күндері Нью-Делиде өтіп, 18-ші BRICS саммитінің жұмысына қатысатын журналистер бағдарламасына қатыстым. Бағдарлама аясында Үндістанның мемлекеттік институттарымен, бизнес өкілдерімен, стартаптар экожүйесімен таныстық. Ал саммит аяқталған соң бағытымыз Мумбайға бұрылды.

BRICS 20 жылы: Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде Қазақстанның ұстанымын таныстырды

Ресми бағдарлама бойынша мұнда қалалық әкімшілікпен кездесу, Bombay Stock Exchange-ке бару, Film City, National Payments Corporation of India (NPCI) жұмысымен танысу, жергілікті базарды аралау, Элефанта үңгірлеріне, Gateway of India және Chhatrapati Shivaji Maharaj Vastu Sangrahalaya музейіне бару жоспарланған еді.

Осы бағдарлама Мумбайды туристік ашықхаттардағы қала ретінде ғана емес, Үндістанның бүгінгі экономикалық және технологиялық қуаты қалыптасып жатқан үлкен мегаполис ретінде көруге мүмкіндік берді.

Мумбай мені алғашқы сәттен-ақ өзінің қарқынымен қарсы алды.

Бұл мекен тыныштықты іздейтін қала емес. Мұнда қозғалыс үзілмейді. Көшеде адам көп, көлік көп, дыбыс көп. Бірақ осы қарбаластың ішінде қаланың өз ырғағы бар. Бір қарағанда ретсіз көрінетін қозғалыстың өзінен өмірдің ерекше тәртібін байқайсың.

Маған Мумбайдың адамдары ерекше ұнады. Сапар барысында кездескен үнді халқының ақ көңілін, риясыз пейілін, әрдайым күлімсіреп жүретінін, қонаққа деген ерекше ықыласын көп байқадым. Үндістанға қонақ болып келгеніңді сезіндіретін сондай бір жылылық бар.

Әрине, Мумбай – қарама-қайшылықтар қаласы. Бір көшеде заманауи биік ғимараттар тұрса, келесі жерде қарапайым тұрғын үйлер мен шағын дүңгіршектерді көресің. Бір жағында әлемдік қаржы орталығы болса, екінші жағында күнделікті тұрмыс қайнап жатады.

Мүмкін, Мумбайдың тартымдылығы да осында шығар. Ол өзін бір ғана қырымен көрсетпейді.

Мумбайдың бүгінгі келбетін түсіну үшін оның тарихына үңілу керек.

Қала бастапқыда жеті аралдан тұрған. Бұл аумақта байырғы Коли қауымдары өмір сүріп, балық аулаумен айналысқан. Кейін аумақ португалдардың қолына өтіп, XVII ғасырда британдықтардың иелігіне айналды. Уақыт өте келе аралдар арасындағы жерлер біріктіріліп, теңізден жаңа аумақтар қайтарылып, қазіргі Мумбай қалыптасты. Қаланың ресми тарихында оның ірі портқа және сауда орталығына айналу процесі бірнеше ғасырды қамтитыны көрсетіледі.

Бүгінде Мумбай – Үндістанның қаржы орталығы, кино индустриясының жүрегі және миллиондаған адам тұратын алып мегаполис.

Бірақ қала өзінің өткенін ұмытпаған. Оның сәулетінен отарлық дәуірдің, үнді мәдениетінің және қазіргі заманның белгілері қатар көрінеді.

Мумбайдағы ресми бағдарламамыздың алғашқы нүктелерінің бірі  Brihanmumbai Municipal Corporation, яғни BMC болды.

Бұл кездесу маған Мумбайды турист ретінде емес, қалалық басқару тұрғысынан түсінуге мүмкіндік берді.

BMC ғимаратының өзі де қаланың тарихын көрсететін сәулет ескерткіші. Ғимарат XIX ғасырдың соңында салынған және оның архитектурасында готикалық әрі үнділік элементтер үйлеседі. Бүгінде ол Мумбайдың ең танымал тарихи ғимараттарының бірі.

Бірақ біз үшін маңыздысы ғимараттың өзі ғана емес, оның ішінде талқыланған мәселелер қызықты болды.

Мумбай секілді алып мегаполис үшін инфрақұрылым, көлік, су, тұрғын үй, экология, климаттың өзгеруі және халықтың әлеуметтік қажеттіліктері – күн сайын шешім қабылдауды талап ететін мәселелер.

BMC өкілдері қаланың климатқа төзімділігін арттыру, су инфрақұрылымын дамыту, су тасқыны мен аптап ыстық сияқты қауіптерге бейімделу, сондай-ақ әлеуметтік осал аудандарды дамыту мәселелері туралы айтып берді.

Сол сәтте Мумбайды тағы бір қырынан көрдім. Бұл шаһар тек бүгінгі мәселелермен өмір сүріп отырған қала емес, болашағын алдын ала жоспарлауға тырысып жатқан мегаполис.

Мумбайды Үндістанның қаржы астанасы деп бекер атамайды. Bombay Stock Exchange (BSE) тарихы 1875 жылдан басталады және ол Азиядағы ең көне қор биржаларының бірі ретінде белгілі.

Бізге биржаның тарихы, Үндістанның капитал нарығы және оның цифрлану кезеңдері туралы айтып берді. Бұрын брокерлер бір залда жиналып, дауыстап сауда жасайтын. Қазір қаржы операцияларының басым бөлігі цифрлық платформалар мен смартфондар арқылы жүзеге асады.

Маған осы өзгеріс қызық көрінді: бір ғимараттың ішінде Үндістанның қаржы тарихының бірнеше дәуірі тұрғандай.

Мумбайдың табиғаты да осындай: өткен мен болашақ бір-бірін ығыстырмайды, керісінше қатар өмір сүреді.

Мумбайды киносыз елестету мүмкін емес. Біз ескі үнді киноларын көріп өскен буын өкілдері болғандықтан, бұл тақырып бізге ерекше жақын екені хақ.

Әдемі табиғат аясында фильм кейіпкерлерінің ән айтып, би билеп, жауды жеңіп, арман қуып, өмірлерін жақсартуға, жақындарымен табысуға ұмтылатынын экраннан көріп өстік. Сол арқылы Үндістанды алғаш рет танығанбыз десек, артық айтқаным болмас.

Сондықтан Болливудтың отанына келіп, Film City-ге бару бағдарламаның ерекше қызықты бөлігі болды.

Мұнда кино түсірудің сырт көзге көрінбейтін үлкен индустрия екенін түсінесің. Біз экраннан бірнеше сағатта көретін оқиғаның артында ондаған маманның еңбегі, декорация, жарық, дыбыс, костюм, грим және техникалық жұмыс тұр.

Film City 1977 жылы құрылған, кейін үнді киносының негізін қалаушылардың бірі Дадасахеб Фальке құрметіне Dadasaheb Phalke Chitranagari деп аталды.

Сапар аясында түсірілім алаңында болып жатқан сәттердің куәсі болдық. Бәлкім, аздан кейін осы жерде түсірілген кино туындыларды үлкен экрандардан көріп қалармыз. Себебі мұнда түсірілім жұмысы тоқтаусыз жүріп жатады. Болливуд үзіліссіз қызмет етеді.

Маған кино әлемінің дәл осы өндірістік жағы қызық болды. Экрандағы сиқырдың ар жағында өте нақты, тәртіпті және ауқымды жұмыс тұр.

Егер Film City Үндістанның мәдени индустриясын көрсетсе, NPCI елдің цифрлық болашағын түсінуге мүмкіндік берді.

National Payments Corporation of India – Үндістандағы цифрлық төлем инфрақұрылымының маңызды институттарының бірі. Біз мұнда елдегі төлем жүйелерінің дамуы және цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге енуі туралы білдік.

Үндістанда QR-кодпен төлем жасау таңғалдыратын нәрсе емес, қалыпты күнделікті тәжірибе. Шағын дүкеннен бастап ірі бизнеске дейін цифрлық төлемді пайдалануға болады.

Сапар барысында осы жүйенің ауқымын көргенде, технологияның қоғам өмірін қалай өзгерте алатынын тағы бір рет түсіндім.

Мен үшін бұл кездесу әсіресе қызық болды. Себебі журналист ретінде AI, цифрландыру және жаңа технологиялардың қоғамға әсері тақырыптарына үнемі қызығамын.

Мумбайда бұл тақырып теория емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі екенін көрдім.

Мумбай туралы айтқанда теңізді бөлек атамау мүмкін емес.

Мен Араб теңізінің жағалауында жүрген сәттер ерекше көңіл-күй сыйлады. Жай ғана серуендеп жүріп, теңізге қарап ұзақ тұрудың өзі сапардың маңызды бөлігіне айналды.

Географиялық тұрғыдан Араб теңізі – Үнді мұхитының бір бөлігі. Бірақ сол жағалауда тұрған кезде бұл ғылыми анықтамадан гөрі әлдеқайда терең сезім болды.

Үнді мұхитына қол тигізгендей әсер алдым.

Мумбайдың теңізге қарап тұрған келбеті де ерекше. Қаланың қарбаласы бір сәтке тоқтағандай болады. Ал алдыңда – шексіз көкжиек.

Мумбайдың ең танымал символдарының бірі – Gateway of India.

Бұл ескерткіш 1911 жылы король Георг V мен патшайым Мэридің Үндістанға келуіне орай салынған. Архитектурасы үнді-сарацин стилінде орындалған, ал құрылыс 1924 жылы аяқталған. Ескерткіш Аполло-Бандер жағалауында, Араб теңізіне қарап тұр.

Бірақ бүгінде Gateway of India-ға қарап тұрған адам үшін оның мәні отарлық тарихтан әлдеқайда кең.

Бұл – Мумбайдың визит картасы.

Біз осы жерден Пілдер аралына, яғни Elephanta Caves-ке қарай қайыққа мініп, жол тарттық.

Қайық қозғалған сайын қала алыстай бастады. Мумбайдың биік ғимараттары артта қалып, алдымызда теңіз үстіндегі жасыл аралға бет алдық.

Сол сәтте қалаға сырттан қараудың өзі оның ауқымын сезінуге мүмкіндік берді.

Пілдер аралына барған сапар мен үшін Мумбайдағы ең әсерлі сәттердің бірі болды.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне 1987 жылы енгізілген Элефанта үңгірлері – Үндістанның жартастан қашалған өнерінің бірегей үлгісі. Аралдың ежелгі атауы – Гхарапури. Үңгірлер шамамен V–VI ғасырларда қалыптасқан, ал негізгі үңгірдегі жеті метрлік Садашива немесе Тримурти мүсіні Шиваның үш қырын бейнелейді.

Үңгірдің ішіне кіргенде алдымен қара тас, бағандар мен алып мүсіндер қарсы алады. Бірақ біраз уақыт үнсіз қарап тұрсаң, олардың жай ғана тарихи жәдігер емес екенін сезінесің.

Бұл жерде өнер мен сенім бір-бірінен ажырамаған.

Ал Элефанта атауының өзі мені қызықтырды.

Аралдың ежелгі атауы Гхарапури болғанымен, қазіргі «Elephanta» атауын XVI ғасырда мұнда келген португалдар берген. Себебі аралдың жағасында алып тас піл мүсіні тұрған. Кейін бұл мүсін аралдан көшіріліп, бүгінде Мумбайдағы музейлердің бірінде сақталған.

Мен пілдерді жақсы көремін. Сондықтан бұл атаудың тарихы маған ерекше әсер етті.

Үндістанда пілдің орны да бөлек. Ол тек табиғаттың бір бөлігі емес, елдің мәдени және діни дүниетанымында ерекше символдық мәнге ие. Піл басты Ганеша бейнесі Үндістан мәдениетінде даналықпен және кедергілерді еңсеру ұғымымен байланыстырылады.

Элефанта аралында жүріп, осының бәрі бір-бірімен үндесіп тұрғандай көрінді.

Пілдерді кездестірмесек те, алдымыздан маймылдар жүгіріп шығып жатты. Олар да қонақтарға әбден үйренген. Қолдарында тәттілер бар екенін біліп, аңдып тұрады. Олардың іс-қимылдарын бақылау өте қызық. Өзіңді табиғат аясында жүргендей емес, құдды бір жануарлар жайлы бағдарламаның кейіпкері ретінде сезінесің.

Бір жағында – пілдің атымен аталған арал. Екінші жағында – Шиваға арналған мыңжылдық үңгірлер. Ал айналада – теңіз.

Бұл жерден қайтқанда Мумбай туралы түсінігім де өзгерді. Мен енді оны тек заманауи мегаполис емес, өте терең тарихи қабаттары бар қала ретінде қабылдай бастадым.

Мумбайға барған кезімізде қалада үнді халқының ең сүйікті әрі ауқымды мерекелерінің бірі — Ганеша Чатурти басталған еді. Көшелер мерекелік безендіруге бөленіп, әр ауданда пандалдар орнатылып, олардың ішінде піл басты құдай Ганешаның түрлі-түсті мүсіндері қойылған. Музыка, барабан үні, дұға мен мерекелік шерулер қаланың күнделікті тіршілігіне ерекше ырғақ қосты. Жергілікті тұрғындар Ганешаны даналықтың, береке мен жаңа бастамалардың символы ретінде құрметтеп, оған гүлдер мен тәттілер ұсынып жатты. Мумбайдың дәл осы күндердегі атмосферасы маған Үндістанның мәдениеті мен рухани дәстүрлерінің күнделікті өмірмен қаншалықты табиғи астасып жатқанын сезінуге мүмкіндік берді.

Мумбайға келгенде қала көшелері кітапсүйер қауымға таныс болып көрінеді.

Әсіресе Грегори Дэвид Робертстің Shantaram романын оқығандар үшін Мумбайдың ерекше атмосферасы бар. Романда маңызды орын алатын Leopold Cafe Колаба ауданында әлі де жұмыс істеп тұр.

Кітаптағы Мумбай мен бүгінгі Мумбайдың арасында ондаған жыл бар. Бірақ Колабаға барып, сол кафенің алдында тұрған кезде әдебиет пен шынайы өмірдің арасы бір сәтке жақындағандай болады.

Leopold Cafe-нің тарихы XIX ғасырдан басталады. Ол 1871 жылы ашылған және кейін Shantaram романы арқылы әлемге кеңінен танылған орындардың біріне айналды.

Бірақ бұл жердің тарихында өте ауыр парақша да бар.

2008 жылғы Мумбайдағы террорлық шабуылдар кезінде Leopold Cafe де шабуыл жасалған орындардың қатарында еді. Бұл трагедия сол кезде әлемнің назарын аударды. Кейін Hotel Mumbai фильмін көргенімде, сол оқиғалардың адам тағдырына қалай әсер еткенін тағы бір рет сезіндім.

Қаншама адамның қаны төгілген бұл ғимараттың бүгінде қайтадан қонақтарын қабылдап отырғанын көру – жүрекке ерекше әсер етеді. Сол күндері талай адамның өмірін сақтап қалуға тырысқан адамдардың ерлігі туралы ойлағанда, бұл трагедияның адам тағдырында қаншалықты терең із қалдырғанын түсінесің.

Жандары пейіштің төрінен табылсын!

Сондықтан бұл жерге барған кезде мен үшін әдебиеттегі Мумбай ғана емес, тарихтың ауыр ізі де қатар тұрды.

Мұндай қайғылы оқиғалар енді ешқашан қайталанбаса екен деп тілеймін.

Leopold Cafe қазір де қонақтарын қабылдап келеді. Қай уақытта барсаң да, халық лық толы. Меніңше, оның бүгінгі өмірі – қаланың қандай қиын кезеңдерден өтсе де, алға қарай жүре беретінінің бір белгісі.

Бағдарламаның соңғы күнінде Chhatrapati Shivaji Maharaj Vastu Sangrahalaya музейіне бардық.

Gateway of India-дан алыс емес жерде орналасқан бұл музейдің өзі де архитектуралық ескерткіш. Оның коллекциясында 60 мыңнан астам жәдігер бар, соның ішінде Үнді алқабы өркениетіне қатысты археологиялық дүниелер, индуистік және буддалық мүсіндер бар.

Музейде жүріп, Үндістанның тарихын бір ғана кезеңмен түсіндіру мүмкін емес екенін тағы бір сезіндім.

Бұл елде мыңдаған жылдық өркениет, түрлі діндер мен мәдениеттер, отарлық кезең, тәуелсіздік тарихы және қазіргі технологиялық даму бір кеңістікте тоғысып жатыр.

Бұл сапарды Қазақстан тұрғысынан қарағанда тағы бір маңызды мағлұмат бар.

Бүгінде Алматыдан Мумбайға тікелей әуе қатынасы бар. Air Astana бұл бағытты аптасына үш рет орындайды.

Мен үшін бұл жай ғана әуе бағыты емес.

Тікелей рейс Қазақстан мен Үндістан арасындағы адамдардың, бизнес пен туризмнің, мәдени және кәсіби байланыстардың артуына мүмкіндік береді. Бұрын картадан алыс көрінген Мумбай қазір Алматыдан тікелей жетуге болатын қалаға айналды.

Ал журналист ретінде мен үшін жаңа бағыттың тағы бір мағынасы бар: тікелей байланыс жаңа әңгімелерге жол ашады.

Бірнеше күннің ішінде Мумбайдың барлық қырын танып білу мүмкін емес.

Мен бұл қалада тарихи ескерткіштерді көрдім, муниципалдық басқару жүйесі туралы тыңдадым, қаржы нарығының орталығына бардым, кино индустриясының ішкі әлемімен таныстым, Үндістанның цифрлық төлем экожүйесі туралы білдім.

Ал бос уақытта теңіз жағасында жүрдім.

Адамдарды бақыладым.

Қалаға сырттай қарап қана қоймай, оның ырғағын сезінуге тырыстым.

Мумбай маған өзінің бір ғана бейнесін көрсеткен жоқ. Ол бір мезетте көне де, заманауи да; шулы да, теңіз жағасында тыныш та; өте бай да, әлеуметтік мәселелері күрделі де; дәстүрге берік те, технологияға ашық қала болып көрінді.

Мүмкін, осы қарама-қайшылықтардың бәрі қосылғанда ғана Мумбай пайда болатын шығар.

Мен Үндістанға екінші рет бардым. Бірақ осы сапардан кейін Үндістан туралы түсінігімнің тағы бір қабаты ашылғанын сездім.

Ал Мумбай менің есімде ең алдымен бір нәрсемен қалды: теңізге қарап тұрған, өткенін жоғалтпай, болашаққа асығып бара жатқан қала.

Мумбайдан елге аттанарда осы ой келді.

Кейбір қалаларға турист болып барасың.

Ал кейбір қалалардан өзіңмен бірге жаңа әсер ғана емес, жаңа сұрақтар алып қайтасың.

Мумбай сондай қала.

Ғазиза Ұзақ

Мумбай, Үндістан

Қыркүйек 2026 жыл