BRICS 20 жылы: Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде Қазақстанның ұстанымын таныстырды

Үндістан астанасы Нью-Делиде XVIII BRICS саммиті өтіп, халықаралық ұйымның 20 жылдық ынтымақтастық кезеңі қорытындыланды. Саммитке мәртебелі қонақ ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Жиын аясында Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті.

Қазақстан Президентінің Нью-Делидегі сапары БРИКС елдерімен экономикалық және технологиялық байланыстарды кеңейту, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу және Қазақстанның көпжақты ынтымақтастыққа қатысты ұстанымдарын таныстыру тұрғысынан маңызды болды.

«БРИКС плюс» саммитіндегі сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі геосаяси өзгерістер жағдайында қауіпсіздік, тұрақтылық және өзара сенім мәселелерінің маңызы артып отырғанын атап өтті. Қазақстан үшін халықаралық құқық пен БҰҰ-ның негізгі қағидаттарына негізделген көпжақты диалогтың маңызы ерекше.

Экономикалық ынтымақтастық та күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Қазақстанның БРИКС елдерімен және серіктестерімен тауар айналымы өткен жылы шамамен 72 миллиард долларға жетті. Энергетика, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, инвестиция және технология салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге мүмкіндік бар.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті де БРИКС кеңістігі үшін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Өткен жылы ел аумағы арқылы шамамен 40 миллион тонна транзиттік жүк өткен. Ұзақ мерзімді мақсат – бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға дейін жеткізу.

Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше мән берілді. Қазақстан ұлттық ЖИ орталықтарын байланыстыру, ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобалар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөнінде бастама көтерді.

Су ресурстары мәселесі де халықаралық күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Қазақстан ұсынған Халықаралық су ұйымын құру бастамасы Орталық Азия үшін ғана емес, су тапшылығы мәселесі өзекті болып отырған көптеген мемлекеттер үшін маңызды тақырыптардың бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС cаммитінде бірқатар елдің және халықаралық ұйымдардың делегация басшыларымен жүздесті

Нью-Делидегі саммит Қазақстан мен Үндістан арасындағы тікелей диалог үшін де маңызды алаңға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нарендра Моди кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстармен қатар энергетика, цифрландыру, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары қаралды.

Қазір Қазақстанда үнді капиталының қатысуымен 600-ге жуық компания жұмыс істейді. Ал былтыр Қазақстанға шамамен 150 мың Үндістан азаматы келген. Бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы іскерлік және гуманитарлық байланыстардың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Кездесуде жоғары технологиялар мен креативті индустриялар үшін де жаңа мүмкіндіктерге назар аударылды. Үндістан тарапы қазақстандық өкілдерді келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды.

Нарендра Моди BRICS саммитінде жаһандық басқару жүйесін реформалауға шақырды

Нью-Делидегі XVIII саммиттің қорытындысы бойынша Нью-Дели декларациясы қабылданды. Енді БРИКС-тің келесі кезеңі Қытайдың төрағалығымен жалғасады.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ұсынысына сәйкес, XIX БРИКС саммиті 2027 жылы Қытайда өтеді. Қытай келесі төрағалық кезеңінде ұйым елдері арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті.

Нью-Делидегі кездесу осылайша БРИКС-тің жиырма жылдық тарихындағы кезекті белесті белгілеп қана қоймай, алдағы кезеңнің негізгі бағыттарын да айқындады. Қазақстан үшін бұл алаң экономикалық байланыстарды кеңейту, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бойынша серіктестік орнату, транзиттік мүмкіндіктерді дамыту және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасу кеңістігі ретінде маңызын көрсетті.

Нью-Делидегі BRICS Bazaar көрмесінде Орталық Азия шеберлері ұлттық өнерін таныстырды

Ал БРИКС-тің келесі саммитінің Қытайда өтуі Қазақстан үшін Азия кеңістігіндегі серіктестікті одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын кезеңнің басталғанын аңғартады. Нью-Делиде көтерілген экономика, технология, қауіпсіздік және тұрақты даму мәселелері енді Бейжіңдегі күн тәртібінде жалғасын табады.

Ғазиза Ұзақ

Дели, Үндістан

Фотосурет: БРИКС саммитінің ұйымдастыру комитеті