Нью-Делидегі BRICS Bazaar көрмесінде Орталық Азия шеберлері ұлттық өнерін таныстырды

Үндістан астанасы Нью-Делиде XVIII BRICS саммиті аясында ұйымдастырылған BRICS Bazaar 2026 халықаралық көрмесінде Орталық Азия елдерінің қолөнер шеберлері өз туындыларын таныстырды. Көрмеге Қазақстаннан Тоғжан Бәбиева мен Серік Рысбеков, Өзбекстаннан Акбар Тұрсыналиев пен Ұлықбек Шарабаев қатысты.

10–15 қыркүйек аралығында Ұлттық қолөнер музейінде өткен BRICS Bazaar көрмесі 18 мемлекеттен келген шеберлердің басын қосты. Экспозицияда дәстүрлі қолөнер бұйымдарымен қатар, заманауи өнер туындылары, тоқыма, зергерлік бұйымдар және ұлттық мәдениеттің өзге де үлгілері ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістандағы БРИКС саммитінде сөз сөйлейді

Көрменің ерекшеліктерінің бірі әр елдің дәстүрлі өнерін ортақ мәдени кеңістікке біріктірген «Confluence: Patterns of Unity» инсталляциясы болды. Композицияның ортасында тоқылған шар орналасып, одан түрлі елдердің дәстүрлі тоқыма үлгілерін бейнелейтін жолақтар тарайды. Жоба арқылы әртүрлі мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, ортақ құндылықтар мен байланыстарды көрсету көзделген.

Инсталляцияны жасау барысында Қазақстанның дәстүрлі өнеріне де ерекше назар аударылған. Қазақстанды бейнелейтін өрнек түскиіз өнерін зерттеу негізінде жасалған. Түскиіз – киіз, барқыт немесе матаға кесте түсіру арқылы жасалатын қазақтың дәстүрлі қабырға сәндік бұйымы. Осы ұлттық өнер үлгісі халықаралық инсталляцияның визуалдық шешіміне арқау болды.

Инсталляция авторларының бірі, Үндістан Ұлттық сән технологиясы институтының директоры доктор Самир Судтың айтуынша, жобаға қатысушы елдердің қолөнер дәстүрлерін зерттеу арқылы олардың арасындағы тарихи және мәдени үндестікті көрсетуге басымдық берілген. Қазақстандық түскиіз өнерінің үнді қолөнеріндегі ұқсас дәстүрлермен сабақтастығы да атап өтілді.

МУМБАЙ ҰСЫНҒАН МҮМКІНДІК

Қазақстан атынан көрмеге Орал қаласындағы «Текемет – Жайық» шеберханасының шебері Тоғжан Бәбиева қатысты. Ол дәстүрлі өнерді заманауи шығармашылық тәсілдермен ұштастырады. Шебердің жұмыстарында киіз, тері, ағаш, акрил бояуы мен кенеп секілді әртүрлі материалдар үйлесім тапқан. Оның туындыларында қазақтың ұлттық ою-өрнегі мен символикасы заманауи көркемдік шешімдер арқылы көрініс табады.

Тоғжан Бәбиева Нью-Делиге 15-тен астам жұмысын алып барған. Олардың арасында «Қоскөл», «Жел қуаты», «Асқар тау» сияқты шығармалар мен тұмарлар бар. Шебердің айтуынша, әр туындыда қазақ мәдениетінің өзіндік символдық тілі көрініс табады.

Қазақстандық делегация құрамында зергер Серік Рысбеков те болды. Ол дәстүрлі қазақ нақыштарын күміс, табиғи тастар және ыстық эмаль техникасымен үйлестіретін зергерлік бұйымдарын ұсынды. Оның жұмыстары ұлттық мұраны заманауи зергерлік өнер арқылы танытуға бағытталған.

Көрмеде Қазақстанмен қатар Өзбекстан шеберлері Акбар Тұрсыналиев пен Ұлықбек Шарабаев та ұлттық қолөнер үлгілерін таныстырды. Осылайша Орталық Азия шеберлерінің жұмыстары бір алаңда тоғысып, өңір халықтарының материалдық мәдениеті мен дәстүрлі өнеріндегі ортақ ерекшеліктерді көрсетуге мүмкіндік берді.

BRICS Bazaar 2026 көрмесі қолөнерді тек дайын бұйымдарды көрсету алаңы ретінде емес, әр елдің мәдени тарихын, дәстүрін және шығармашылық тәжірибесін таныстыратын халықаралық диалог кеңістігі ретінде ұсынды. Көрме бағдарламасына қолөнер шеберлерінің жұмыстары, тақырыптық инсталляциялар, шеберлік сабақтары мен мәдени қойылымдар енгізілді.

Осы тұрғыдан алғанда, Нью-Делидегі көрме Орталық Азияның дәстүрлі өнерін халықаралық аудиторияға таныстырумен қатар, Қазақстан мен Үндістан секілді елдердің қолөнер дәстүрлеріндегі мәдени үндестікті де көрсетуге мүмкіндік берді.

Ғазиза Ұзақ

Нью-Дели, Үндістан