Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістандағы БРИКС саммитінде сөз сөйлейді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12-13 қыркүйек күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін БРИКС-тің XVIII саммитіне қатысады. Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен жұмыс сапарымен барады.

Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған «БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді.

Сапар барысында Қазақстан Президентінің Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөз жүргізуі жоспарланған. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен кездесулер өткізеді.

Биыл Үндістан БРИКС-ке төрағалық етіп отыр. Нью-Делиде өтіп жатқан XVIII саммитке ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары жиналды. Кездесудің негізгі күн тәртібінде халықаралық ынтымақтастық, экономикалық байланыстар және жаһандық мәселелер тұр.

Тоқаевтың Үндістанға сапары одан әрі Оңтүстік Кореяға жалғасады. 14-16 қыркүйек күндері Президент Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барып, президент Ли Чжэ Мёңмен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізеді.

Келіссөздер барысында қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары талқыланады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кореяның ірі компанияларының жетекшілерімен кездеседі.

16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитіне қатысады.

Ақорда Баспасөз қызметі