Үндістан: тарих пен технология үндескен кеңістік

Үндістанға сапар алғашқы минуттан-ақ ерекше әсер қалдырады. Нью-Делидің әуежайынан шыққан сәтте қыстың ызғарлы суығынан кейін көңілге жағымды жылы самал соқты. Ауа ғана емес, кеңістік те өзгеше. Қала бір сәтке дем алып тұрғандай, бірақ сол тыныс үздіксіз қозғалысқа толы. Көлік сигналдарының үні, адамдардың қарбалас қадамы, сан алуан тілде естілетін әңгімелер бәрі қосылып, алғашқыда ретсіз хаос секілді көрінеді. Алайда бірнеше сағаттан кейін бұл да өзіндік тәртібі бар, ішкі ырғағы қалыптасқан тірі ағза екенін сезінесің. Үндістан – бір қарағанда қарама-қайшылыққа толы ел. Бірақ тереңіне үңілсең, сол қайшылықтардың өзі үйлесім тауып тұрғанын аңғарасың.

Үндістан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған пресс-турға Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азияның бес елі, сондай-ақ Грузия мен Армениядан келген 21 журналист қатысты. Он күн ішінде біз Үндістанның саяси жүрегі Нью-Делиден бастап, технология мен стартаптардың ордасына айналған Хайдарабадқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікті араладық.

Бұл сапар классикалық пресс-тур шеңберінен әлдеқайда кең болды. Ол Үндістанның бүгінгі бет-бейнесін ғана емес, елдің даму философиясын, ойлау жүйесін және Орталық Азиямен байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берген мазмұнды бағдарлама ретінде есте қалды.

Сапарымыз Раштрапати Бхаваннан басталды. Бұл – Үндістан Президентінің ресми резиденциясы әрі әлемдегі ең ірі мемлекеттік сарайлардың бірі. Аумағы шамамен 130 гектар, ішінде 340 бөлме бар. Ғимаратты британдық атақты архитектор Эдвин Лютьенс жобалаған. Бір кездері бұл сарай Британ империясының вице-короліне қызмет етсе, бүгінде тәуелсіз Үндістанның егемендігінің нышанына айналған.

Сарай ішіндегі залдар мен мұрағаттар елдің күрделі де тағдырлы тарихынан үн қатады. Мұнда өткеннің салмағы сезілгенімен, ауырлық емес, керісінше жауапкершілік аңғарылады. Үндістан өткенін ұмытпай, болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқанын осы қабырғалар-ақ аңғартады.

Гид ханымның айтуынша, Раштрапати Бхаван әлі күнге дейін ел үшін аса маңызды шешімдер қабылданатын орын. Мұнда халықаралық келіссөздер өтеді, әлем көшбасшылары бас қосады. Игі дәстүр үзілмей жалғасып келеді. Мемлекеттік деңгейдегі шаралар болмаған күндері сарай туристерге ашық. Алайда қауіпсіздік талаптары қатаң: ішке ұялы телефон, камера және өзге де техника алып кіруге тыйым салынған. Бұл – мемлекеттің қауіпсіздікке деген көзқарасының айқын көрінісі.

Раштрапати Бхаваннан кейін біз Үндістан медиасының жүрек соғысын сезіну үшін Азиядағы ең ірі әрі ықпалды ақпарат агенттіктерінің бірі Asian News International (ANI) компаниясының бас ғимаратына бардық. Агенттік елдің жүзден астам қаласында тәулік бойы, тоқтаусыз жұмыс істейді.

Қызығы, ANI жаңалық өндірісінде жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелерді кеңінен қолданады. Бірақ технология қаншалықты дамыса да, адам факторының маңызы жоғалмайды.

ANI продюсері Рави Ханделвал кездесуде өз ойымен бөлісті:

«Біздің агенттік 24/7 режимінде жұмыс істейді. Тексерілген, нақты ақпаратты оқырманға мүмкіндігінше жылдам жеткізуге тырысамыз. Басты байлығымыз – біздің аудитория. Оларға дұрыс ақпарат ұсыну – біздің басты міндетіміз. Шетелдік әріптестермен байланыс орнатуға әрдайым ашықпыз»

Журналист жұмысын тек журналист қана толық түсінеді. Біз барған сәтте агенттік қызметкерлері қауырт жұмыстан бас көтере алмады. Әр секунд маңызды. Сондықтан олардың жұмыс ырғағына кедергі келтірмей, үнсіз ғана сырттай бақылап, әріптестік құрметпен қоштастық.

Нью-Делидегі тағы бір әсерлі нысан – Дели қақпасы (India Gate). Алғаш қарағанда сәулеті қарапайым көрінгенімен, бұл ескерткіштің жүктеп тұрған тарихи салмағы өте ауыр. Биіктігі 42 метрлік арка Бірінші дүниежүзілік соғыс пен англо-ауған соғыстарында қаза тапқан 70 мыңнан астам үнді сарбазының рухына арналып тұрғызылған.

Кешкі уақытта қақпа маңы ерекше атмосфераға бөленеді. Отбасылар серуендеп жүр, балалар күліп-ойнап жүр, ал ескерткіш түбінде мәңгілік алау жанып тұр. Бұл жер – Үндістан халқының өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауының нышаны секілді.

Үндістан астанасымен танысуды жалғастырып, Dilli Haat ашық аспан астындағы этнонарығына бардық. Бұл жер – Үндістанның түкпір-түкпірінен келген шеберлер мен қолөнершілердің басын қосқан ерекше мәдени кеңістік. Мұнда әр штаттың өзіне тән бұйымдары, ұлттық киімдері, зергерлік әшекейлері мен қолөнер туындылары ұсынылған. Әр бұрыштан түрлі дәмнің иісі шығып, үнді асханасының байлығы мен алуан түрлілігін сезінесің. Dilli Haat – жай ғана базар емес, ол Үндістан мәдениетінің тірі энциклопедиясы іспетті. Осы жерде жүріп, елдің этникалық, тілдік және дәстүрлік байлығының бір алаңда қалай үйлесіп тұрғанын анық аңғаруға болады.

1,3 миллиард адамның цифрлық тағдырына жауапты MeitY қызметімен де таныстық. Электроника және ақпараттық технологиялар министрлігі (MeitY) – Үндістандағы цифрлық серпілістің негізгі штабы. Министрлік жүзеге асырған Digital India бағдарламасы бүгінде жүздеген миллион азаматтың өмірін жеңілдетіп отыр.

Ең ауқымды жобалардың бірі – Aadhaar биометриялық жүйесі. Бұл жүйеде 1,3 миллиардтан астам адам тіркелген. Әлемдегі ең ірі цифрлық сәйкестендіру платформасы әлеуметтік төлемдерден бастап, медицина мен білім саласына дейін ашықтық пен тиімділік әкелген.

Бұл кездесуде Үндістанның көрнекті ғалымы, инженер және мемлекеттік қайраткері, Ғылым және технологиялар департаментінің хатшысы Абхай Карандикар мырзамен жүздестік. Ол өз сөзінде ғылым мен инновацияның ел болашағындағы рөліне ерекше тоқталды:

«Біз үшін технология – мына замандағы басты құрал. Негізгі мақсат – адамдардың өмір сапасын жақсарту. Үндістан ғылымды, білімді және инновацияны біріктіре отырып, инклюзивті даму жолын таңдады. Технологияны игі мақсатта дұрыс пайдалануды көздейміз»

«Үндістан қалай ойлайды?» деген сұраққа жауап алу үшін және стратегиялық ойлау жүйесін түсіну үшін арнайы Observer Research Foundation (ORF) аналитикалық орталығына бардық. Мұнда геосаясат, қауіпсіздік, технология, энергетика және халықаралық қатынастар бойынша терең зерттеулер жүргізіледі.

ORF сарапшылары Орталық Азияны Үндістан үшін стратегиялық маңызды аймақ деп санайды. Бұл – тарихи Жібек жолының бір бөлігі ғана емес, қазіргі заманда да энергетика, көлік логистикасы мен аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды серіктес.

Сапар аясында біз Үндістандағы ең ықпалды бизнес қауымдастықтардың бірі Confederation of Indian Industries (CII) қызметімен таныстық. Бұл ұйым 9 мыңнан астам компанияны біріктіріп, жеке сектор мен мемлекет арасындағы диалогты дамытумен айналысады. CII өкілдері «Make in India» бастамасының негізгі мақсаты өндірісті ел ішінде дамыту ғана емес, шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар арқылы тұрақты экономикалық экожүйе қалыптастыру екенін атап өтті. Кездесу барысында Үндістанның инвестициялық ахуалы, индустриялық аймақтар мен стартаптарды қолдау тетіктері таныстырылды. Бұл ұйым Үндістан экономикасының сырт көзге байқала бермейтін, бірақ өте маңызды қозғалтқыштарының бірі екені анық сезілді.

Нью-Делиде біз барған ерекше орындардың бірі – Премьер Министрлердің мұражайы (Prime Ministers Museum). Бұл мұражай дәстүрлі экспозициядан гөрі заманауи мультимедиялық кеңістікке көбірек ұқсайды. Мұнда Үндістанның тәуелсіздік алғаннан бергі барлық премьер-министрлерінің қызмет жолы интерактивті экрандар, цифрлық архивтер, AR/VR технологиялар арқылы ұсынылған. Әр залда тарихи құжаттармен қатар, сол кезеңнің саяси атмосферасын сезінуге мүмкіндік беретін визуалды және дыбыстық элементтер бар. Мұражай Үндістанның басқару эволюциясын көрсетіп қана қоймай, мемлекеттің саяси жады қалай сақталатынын және оны жаңа ұрпаққа қалай заманауи тілде жеткізетінін айқын аңғартады.

Дели қаласындағы бағдарлама өз мәресіне жеткен соң, біз Үндістанның көне қалаларының бірі Агра қаласына жол тарттық. Бұл қалада орналасқан әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махалды өз көзіңмен көру жай ғана саяхат емес, жүрекпен сезілетін сәт. Агра қаласындағы бұл ғажайып сарай үнсіз сөйлейді, ал оның әрбір сызығы махаббат туралы сыр шертеді.

XVII ғасырда император Шах Жахан сүйікті жары Мумтаз Махалдың құрметіне салдырған бұл мавзолей уақыт пен сезімді жеңіп шыққандай. Мұнда бәрі мінсіз тепе-теңдікке бағынған: симметрия, тыныштық, шексіз үйлесім. Көзіңді бір сәтке жұмсаң, ғасырлар тереңінен келген сағыныш пен адалдықты сезінгендей боласың.

Күн сәулесіне қарай мәрмәр тас құбылып тұрады: таңсәріде — нәзік қызғылт, түсте — аппақ әрі салқын, ал күн батарда — алтын түске боялып, ғимарат тірі жан секілді дем алып тұрғандай әсер қалдырады. Ақ мәрмәрге қашалған гүл өрнектері мен Құран аяттары жақындаған сайын анықтала түседі. Қабырғасына орнатылған нефрит, яшма, лазурит секілді асыл тастардың нақтылығы соншалық — олардың арасындағы жіктерді қолмен сезу мүмкін емес, бәрі біртұтас өнер туындысы іспетті.

Тәж-Махал аумағында ерекше тыныштық бар. Мыңдаған туристің ортасында тұрсаң да, бұл жерде әр адам өз ойымен оңаша қалады. Су айдындарына түскен сарайдың бейнесі шексіздікке ұласып жатқандай, ал ақ мәрмәрден тараған салқын леп жүректі сабырға шақырады.

Қызықты дерек: Тәж-Махалдың төрт мұнарасы әдейі сәл сыртқа қарай еңкейтіліп салынған — бұл жер сілкінісі болған жағдайда олар негізгі ғимараттың үстіне құламас үшін ойластырылған инженерлік шешім. Ал құрылысқа 20 мыңнан астам шебер қатысып, жұмыс 20 жылдан аса уақытқа созылған.

Тәж-Махал — бұл тек сәулет өнерінің шыңы емес. Бұл — сағыныштың, адалдықтың, мәңгілік махаббаттың тасқа айналған көрінісі. Мұнда келгенде эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес… оны тек сезіну керек. Баршаға бұл ғажайып мекенге келуді нәсіп етсін!

Үндістанды жақынырақ танып-білу жолы бұл жолы бізді ұшаққа отырғызып, Хайдарабадқа қарай жетеледі. Ал Хайдарабад бізді әуежайдан бастап-ақ қарсы алды. Ыстық ауасы, қаптаған қозғалысы, сан қырлы үндері бар тірі қала өзіне бірден баурап алды. Бұл жер – Үндістанның тек өткенін ғана емес, болашағын да бір мезетте сезіндіретін ерекше кеңістік.

Алғашқы әсер — контраст. Бір жағында әйнек пен болаттан салынған заманауи ғимараттар, стартаптар мен технологиялық хабтар шоғырланған аймақтар, екінші жағында — ғасырлар үнін сақтаған ескі базарлар, мешіттер, қамалдар. Хайдарабад дәл осы қарама-қарсылығымен баурайды.

Сапарымыз Shilparamam этноауылынан басталды. Бұл — Үндістанның түкпір-түкпірінен келген қолөнершілердің тірі галереясы. Мұнда әр бұйымның артында тағдыр, әр өрнектің астарында тарих жатыр. Қолмен тоқылған маталар, ағашқа ойылған мүсіндер, күміс әшекейлер – бәрі үнсіз сөйлеп тұрғандай.

Келесі күн бізді Хайдарабадтың инновациялық жүрегіне жетеледі. T-Hub пен T-Works — бұл жай ғана технопарк емес, идеялар фабрикасы. Жас кәсіпкерлердің көзіндегі сенім, технологияға деген құштарлық Хайдарабадтың неге Үндістандағы басты IT орталықтардың біріне айналғанын анық аңғартады. Ал Indian School of Business қабырғасында болашақ көшбасшылар тәрбиеленіп жатқанын сезінесің. Тыныштық, тәртіп, ой тереңдігі білім ордасының әр бұрышынан сезіледі.

Хайдарабадтағы сапарымыздың ең әсерлі сәттерінің бірі — Skyroot Aerospace компаниясына бару. Бұл жерге кірген сәттен-ақ бір нәрсе анық сезіледі: мұнда тек техника жасалмайды, мұнда болашақ құрастырылады.

Skyroot — Үндістанның жеке сектордағы алғашқы ғарыштық стартаптарының бірі. Мұнда жас инженерлердің көзінен қорқыныш емес, сенім көрінеді. Олар ғарышты қолжетімді етуге ұмтылады. Үлкен, пафосты сөздерсіз, нақты есептермен, нақты мақсатпен.

Біз зымыран бөлшектері жасалатын цехтарды көрдік, сынақ алаңдары туралы естідік. Әр болт, әр сым — үлкен миссияның бір бөлшегі. Әңгіме барысында «ғарыш — тек мемлекеттердің ісі» деген түсініктің өткенде қалғанын аңғарасың. Бұл жерде инновация, тәуекел және батыл ой бірінші орында.

Skyroot-тағы атмосфера ерекше: тыныш, жинақы, бірақ іштей қуатты. Ғарышқа ұшу — қиял емес, есептелген мақсат екенін осы жерде анық түсінесің. Хайдарабадтың технологиялық болашағы дәл осындай зертханаларда пісіп-жетіліп жатыр.

Егер Skyroot Aerospace болашаққа ұмтылған ақыл-ойдың символы болса, Sardar Vallabhbhai Patel National Police Academy (SVPNPA) — мемлекеттің тірегі саналатын тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі.

Бұл академия — Үндістанның жоғары лауазымды полиция қызметкерлері даярланатын басты орталық. Кең аумақ, мінсіз тәртіп, тыныштық пен қатаң талап бірден көзге түседі. Мұнда әр қадам өлшенген, әр күн нақты жоспармен өтеді.

Біз курсанттардың дайындығымен, оқу бағдарламасымен таныстық. Физикалық машықтан бастап, құқық, психология, көшбасшылық, дағдарыс жағдайында шешім қабылдау — бәрі қатар қамтылады. Бұл жер тек форма киюді емес, жауапкершілікті сезінуді үйретеді.

Академия қабырғасында тұрған кезде бір ерекше атмосфера сезіледі: тыныш, бірақ қатал; сабырлы, бірақ ішкі күшке толы. Мұнда болашақ полиция басшыларына билік емес, қызмет ұғымы сіңіріледі.

Sardar Vallabhbhai Patel National Police Academy — тәртіптің сыртқы көрінісі емес, ішкі мәдениеті қалыптасатын орын. Мемлекеттің тұрақтылығы дәл осындай мектептерден басталатынын осы жерде терең түсінесің.

Хайдарабадтағы ең әсерлі орындардың бірі – Ramoji Film City. Бұл – әлемдегі ең ірі киноқалашық әрі Гиннестің рекордтар кітабына енген нысан. Аумағы тұтас бір қаламен тең.

Мұнда бір мезетте бірнеше фильм, сериал және тележоба түсіріле береді. Қала ішінде дайын көшелер, сарайлар, ауылдар, әуежай, тіпті жасанды орман мен өзендер бар. Бір күні Үндістанда, келесі күні Еуропада немесе фантастикалық әлемде жүргендей әсер аласың.

Үнді киноиндустриясы – елдің «жұмсақ күшінің» ең ықпалды құралдарының бірі. Болливуд фильмдері арқылы Үндістан мәдениеті, құндылықтары мен өмір салты миллиардтаған көрерменге жол табуда.

Бірақ Хайдарабадтың шын рухы тарихпен бетпе-бет келгенде ашылады.

Голконда қамалы — соның айқын дәлелі. Қаладан сәл әріректе орналасқан бұл алып қамал бізді ғасырлар қойнауына жетеледі. Бір кездері әлемге әйгілі гауһар тастар шыққан Голконда — тек әскери нысан емес, нағыз инженерлік ғажайып. Қамалдың қақпасында алақаныңды соқсаң, дыбыс бірнеше жүз метр қашықтықтағы мұнараларға дейін жетеді. Бұл — жау жақындағанын алдын ала есту үшін ойластырылған акустикалық жүйе. Сол сәтте ежелгі сәулетшілердің даналығына еріксіз таңғаласың.

Қамалдың биігіне көтерілгенде Хайдарабад алақандағыдай көрінеді. Желмен бірге тарихтың демі сезіледі, ал тас қабырғалар талай өркениеттің үнін ішіне бүгіп жатқандай. Бұл жерде уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдырады.

Қаланың орталығына оралғанда Salar Jung музейі бізді тағы бір әлемге енгізді. Мұнда бір адамның өмір бойы жинаған байлығы — өнер мен мәдениеттің энциклопедиясы іспетті. Әр экспонат — бөлек тарих, бөлек құрлық.

Хайдарабадтан кеткенде бір нәрсе анық сезіледі: бұл қала өткеніне байланып қалмаған, бірақ тарихын ұмытпаған. Ол болашаққа нық қадам басып келеді, сонымен бірге әр тасының астында ғасырлардың сыры жатқанын мақтанышпен сақтап отыр.

Хайдарабад — технология мен аңыз, шулы мегаполис пен үнсіз қамал, бүгін мен кешенің әдемі үйлесімі. Бұл қалаға бір келген адам оның бір бөлігін жүрегінде алып кетеді.

Бұл пресс-тур Үндістанды тек экзотикалық ел ретінде емес, стратегиялық ойлайтын, болашағын нақты жоспарлаған мемлекет ретінде танытты. Ел Viksit Bharat 2047 – тәуелсіздіктің 100 жылдығына қарай дамыған мемлекет болу мақсатын алға қойған.

Қазақстандық журналист ретінде бұл сапар маған Үндістанды жай ғана көру емес, оны түсіну мүмкіндігін берді. Мұндай таныстыру сапарлары халықтар арасындағы сенімді нығайтып, ақпарат кеңістігінде жаңа көпірлер қалыптастыратыны сөзсіз.

Ғазиза Ұзақ

Дели-Агра-Хайдарабад

Үндістан, 2025 жыл