Атырау облысының креативті жәрмеңкесіне 10 мың адам барып, 15 млн теңгенің өнімі сатылды

Астанада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Атырау облысының креативті жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылды.
Көпшілікке сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, қолдан жасалған зергерлік әшекейлер, ағаштан, былғарыдан, сүйек пен металдан жасалған заттар, керамика, өңір дизайнерлерінің киім топтамалары және жергілікті суретшілердің туындылары ұсынылды.
Жәрмеңкеде шеберлік сабақтары, театр қойылымдары және JAIYQ.CORP тәуелсіз арт-кеңістігінің шығармашылық бағдарламасы да ұйымдастырылды.
Екі күн ішінде жәрмеңкеге 10 мың адам барып, Атырау облысының креаторлары жалпы 15 млн теңгенің өнімін сатты.
Creative Aimaq жобасы отандық креативті индустрия өкілдерін қолдауға, жергілікті брендтерді кеңінен танытуға және шығармашылық өнімдерді өткізуге жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында ендігі кезекте елордада Батыс Қазақстан облысының креативті жәрмеңкесі өтеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі



