Есіл жағалауынан — жаһандық әрекетке: Астана еріктілері #WorldCleanupDay және #EUBeachCleanup науқандарына қатысты

default
Астанада 500-ге жуық еріктілер #EUBeachCleanup экологиялық науқанына қатысып, Есіл өзенінің жағалауын тазартуға атсалысты. Іс-шара Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі мен Эстонияның Астанадағы Елшілігінің бастамасымен, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, әрі World Cleanup Day аясында және Қазақстанның «Таза Қазақстан» ұлттық науқаны шеңберінде ұйымдастырылды. Іс-шараға Еуропа, Америка, Азия және Африка елдерінің елшіліктерінің дипломаттары мен қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, студенттер, сондай-ақ Астана тұрғындары мен қонақтары қатысып, Есіл өзенінің жағалауын тазарту үшін күш біріктірді.
Іс-шара барысында Қазақстандағы ЕО Елшісі Алешка Симкич ханым қатысушылар алдында сөз сөйледі: «Қоршаған ортаға қамқорлық өз үйіміз деп санайтын жерден басталады. Бүгін Еуропалық Одақ Өкілдігі мен Эстония Елшілігі Астанада #EUBeachCleanup науқанын өткізіп, жаһандық бастаманы жергілікті деңгейдегі нақты іске айналдырып отырғанына қуаныштымыз. Қазақстандық серіктестерімізбен және жүздеген қатысушылармен бірге біз әр адамның үлесі маңызды екенін және әрқайсымыз оң өзгеріске өз үлесімізді қоса алатынымызды көрсетіп отырмыз. Қазақстан өзінің көркем әрі алғашқы қалпын сақтаған табиғатымен мақтана алады. Оны таза күйінде сақтау, айналамызға қоқыс қалдырмау – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Бүгінгі науқан көпшілікке үлгі болып, одан да көп адамды таза әрі салауатты қоршаған ортаны қалыптастыруға атсалысуға шабыттандырады деп сенемін».
Іс-шара бағдарламасы жағалауды тазартумен ғана шектелмей, экологиялық өмір салтын насихаттайтын практикалық және интерактивті шараларды да қамтыды. Likekomek-пен серіктестікте қажетсіз киімді брендтік сыйлықтарға айырбастау бастамасы ұйымдастырылды. ECONetwork арнайы Green Point эко-аймағын ұйымдастырып, онда қатысушылар қайта өңделген пластиктен жасалған өнімдермен танысып, түрлі интерактивті іс-шараларға қатысып, қалдықтарды дұрыс сұрыптау және оларға жауапкершілікпен қарау туралы пайдалы ақпарат алды.
«2008 жылы Эстонияда бастау алып, бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамды біріктіретін жаһандық қозғалысқа айналған Дүниежүзілік тазалық күнінің Қазақстанда да кең қолдау тапқаны мені ерекше қуантады. Дүниежүзілік тазалық күні — бұл жай ғана қоқыс жинау емес. Бұл — адамдардың өздері өмір сүретін ортаға жауапкершілікпен қарауы. Ол экологиялық мәселелердің шекарамен шектелмейтінін және оларды шешу үшін жергілікті деңгейдегі іс-қимылмен қатар халықаралық ынтымақтастықтың да маңызды екенін көрсетеді. Бұл күн сондай-ақ ортақ күш-жігеріміздің планетаны қорғауға нақты үлес қоса алатынын еске салады», деп атап өтті Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Марье Лууп ханым.
Іс-шара қарсаңында #EUKZWalkingChallenge бастамасы да іске қосылды. Оның мақсаты – Қазақстан тұрғындарын күнделікті дене белсенділігін экологиялық саналы өмір салтымен ұштастыруға және таза әрі салауатты болашаққа қарай қадам жасауға ынталандыру.



