Алматыда Шэньси мен Алматы арасындағы гуманитарлық және туристік алмасу ынтымақтастығы апталығы ашылды

Алматыда Қытайдың Шэньси провинциясы мен Алматы қаласы арасындағы гуманитарлық және туристік алмасу апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Сиань қаласы әкімінің орынбасары Сяо Ци, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй және Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова қатысты.
Іс-шара екі өңір арасындағы мәдени және туристік байланысты нығайту, өзара түсінікті арттыру, туристік бағыттарды дамыту және іскерлік әріптестікті кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты ашылу рәсімі аясында Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасында туризм, инвестиция және мәдени алмасу салаларындағы әріптестікті кеңейтуге бағытталған бірқатар ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Сонымен қатар туристік және мәдени әлеуетті таныстыруға арналған форум да өтті. Тараптар өз өңірлерінің бірегей ресурстарын, келешегі зор бағыттарын және туристік өнімдерін таныстырды.
Сианьнан шыққан халықаралық туристік пойыз Алматыға келіп жетті
«Қытай Қазақстан үшін басым бағыттағы елдердің бірі. Былтыр елімізге 650 мыңнан астам Қытай азаматы келді. Бұл – пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 9 есе көп. Мұндай іс-шаралар туристік ағынның артуына, өңіраралық ынтымақтастықтың дамуына және туризм саласындағы тұрақты әріптестіктердің қалыптасуына септігін тигізеді», – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Мерекелік іс-шаралар бүгін Абай алаңында, Республика сарайы алдындағы мәдени жәрмеңкемен жалғасады. Оған екі елдің шығармашылық ұжымдары, қолөнершілері мен әртістері қатысады.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі