Алматыда жаңа автобустар жолға шықты
Ағымдағы жылдың 31 тамызынан бастап Алматы жолдарында, атап айтқанда, 38, 38 а және 37 бағыттар бойынша «Golden Dragon» маркалы жаңа автобустар жолға шықты.
Осы уақытқа дейін 24 және 125 бағыттарда жылжымалы құрам жаңартылды.
Бұрын хабарланғандай, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту мақсатында «Таза ауа» кешенді бағдарламасын жүзеге асыру үшін газбен жүретін автобустар сатып алынды.
24 және 125 бағыттарда жолға шыққан он метрлік төмен еденді газбен жүретін автобустар ауаны баптау жүйесімен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Салонның жалпы сыйымдылығы 77 орынды құрайды, оның 32-сі отырғызу.
38, 38а және 37-бағыттарға қызмет көрсететін 60 бірлік көлеміндегі он сегіз метрлік төмен еденді газбен жүретін автобустар ауаны баптау жүйесімен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Жалпы сыйымдылығы 124 орын, оның 35-і отырғызу.
Жоғарыда аталған бағыттардағы автобустардың жаңаруымен қозғалыс аралығы қысқартылды, бұл әрине жолаушыларға қызмет көрсету сапасына оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, босатылған автобустар №201 бағыттың жылжымалы құрамын ауыстырды.
Осылайша, №201 бағытқа 18 метрлік автобустың 24 бірлігі шығады.
Бұрын бұл бағытта қозғалыс аралығы 20 минуттан астам болатын.
Күту уақытын 7 минутқа дейін қысқарту жоспарлануда.