Алматылықтар «Алматы-біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында өз қоршаулары мен үйлерін қалай жаңартты

Науқан басталғаннан бері қала тұрғындарына ашық көк, жасылдан сұр және шоколад реңктеріне дейін түрлі түсті 2,4 мың литр бояу тегін таратылды. Қала тұрғындары алынған лак-бояу материалдарын өз аулаларындағы беседкалар мен орындықтардың, сондай-ақ жеке үйлердегі қоршаулар мен қақпалардың көрінісін жақсарту үшін пайдалануда.
«Көктем келді, қыс мезгілінде, тұрақты жауын-шашын кезінде жарылған және тозған қоршауларымызды ретке келтіру керек. Өз үйіміз бен учаскемізді жаңартуға мүмкіндік бергендеріңізге қуаныштымын», — деп бөлісті Алмалы ауданының тұрғыны Нина Ивановна.
«Өз қоршауыңды/орындығыңды/беседкаңды көрсет» акциясы «Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында өткізіліп, 8 мамырға дейін жалғасады. Негізгі назар халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ)санатына аударылуда.
Акцияларға қатысу үшін аудандық абаттандыру бөлімдеріне жүгіну қажет. Лак-бояу заттары өтеусіз негізде бір қолға 2 кг-ға дейін ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.
Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.