Алматының Медеу ауданында 2025 жылы үш жаңа мектеп ашылады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында ауданда оқушы орындарының тапшылығы белсенді түрде шешіліп жатқанын, қазіргі уақытта тапшылық шамамен 4 мың екенін мәлімдеді.
2025 жылдың соңына дейін Медеу ауданында үш жаңа мектеп ашу жоспарлануда, бұл оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай азайтуға көмектеседі. Олардың бірі — «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен Құлжа тас жолының оңтүстігінде салынып жатқан 2 000 орындық жаңа мектеп. Құрылысты 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, «Думан» шағын ауданында және Талғар тас жолында 1 800 орындық тағы екі мектептің құрылысы басталады, олар 2024-2025 жылдары бітеді. Бұған қоса, №99 және №35 мектепке қосымша ғимараттар салынып жатыр, бұл қосымша 550 орынмен қамтамасыз етеді.
Қала басшысы Медеу ауданының тұрғындарын 2025 жылы бастауыш сыныптар үшін кеңейтуді жоспарлаған №131 мектептің кеңейтілуі туралы хабардар етті. Сонымен қатар, №168 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салуға арналған құжаттама әзірленіп жатыр, ал №29 мектепті кеңейту үшін Бөгенбай батыр көшесіндегі жер телімдері сатып алынуда.
Ерболат Досаевтың тапсырмасы аясында мектепке дейінгі білім беру саласында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын азайту үшін биыл 144 млн теңге сомасына 5 мемлекеттік балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, №195 балабақшада сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысты 2025 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, ауданда 250 орындық 5 жеке балабақша ашылды. Бұдан басқа Халиуллин көшесінде 200 орындық және «Думан-2» шағын ауданында 320 орындық тағы екі жекеменшік балабақша салу көзделген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен 36,8 мың оқушы орнымен қамтамасыз ететін 22 мектеп салу жоспарға енген. 2024 жылдың соңына дейін Алматыда 32,8 мың орындық 20 мектеп пайдалануға берілмек.