Аштықты жою: Тұрақты даму мақсаттарының басты міндеті
БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) әлемдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл мақсаттар 2030 жылға дейінгі жаһандық дамудың негізгі бағдарлары ретінде белгіленген. Олардың ішінде екінші мақсат – аштықты жою, бұл ең маңызды әрі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Аштықты жою арқылы адамзат тек тамақтану мәселесін шешіп қана қоймай, денсаулық, білім беру, экономикалық тұрақтылық сынды басқа да маңызды салалардағы проблемаларды шешуге жақындайды. Бүгінгі күні әлемде шамамен 820 миллион адам аштықта өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары күрт өсті, әсіресе климаттық өзгерістер, соғыстар және экономикалық тұрақсыздық жағдайында. Аштық тек адам денсаулығына ғана емес, экономиканың тұрақтылығына, әлеуметтік қатынастарға да теріс әсер етеді. БҰҰ-ның аштықты жою туралы басты міндеті – 2030 жылға дейін әлемде аштықты толықтай жою, тамақтануға қолжетімділікті қамтамасыз ету және барлық адамдардың, әсіресе балалар мен ең әлсіз топтардың, тұрақты, жеткілікті және құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қолдау.
Қазақстан да аштықты жою және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды шаралар қабылдауда. Елдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау және азық-түлік өндірісін арттыру арқылы халықтың азық-түлікке қолжетімділігін жақсарту көзделеді. Сонымен қатар, Қазақстан климаттық өзгерістерге бейімделу және тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған халықаралық келісімдерге қатысып, жаһандық бастамаларға үлес қосуда. Елдің ауыл шаруашылығындағы инновациялар мен жаңа технологиялар аштықты жою мақсаттарына жетуге мүмкіндік бермек. Аштықты жою – адамзаттың ең басты міндеттерінің бірі. Бұл мәселені шешу тек азық-түліктің қолжетімділігіне ғана емес, бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары шеңберінде аштықты жою бойынша қабылданып жатқан шаралар әлемдегі экономикалық, әлеуметтік, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Азық-түлік өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және халықты әлеуметтік қорғау арқылы аштықты жою жолында айтарлықтай жетістіктерге жетуге болады. Жоғарыда аталған мәселе аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті студенттерімен дөңгелек үстелдер, пікір сайыстар өткізілуде. Университет білім алушыларының өзекті мәселе төңірегінде айтылған ойлары мен ұсыныстары көңіл қуантады.
Атаханова Г.М.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының профессоры;
Советхан Ш.Д.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығының оқытушысы