«Астана Опера» 2024 жылды зор жетістіктермен қорытындылады
«Астана Опера» үшін 2024 жыл жарқын әрі мазмұнды болды. Көрермендерге тарту етілген премьералар, гастрольдер мен ұмытылмас оқиғалар елорданың мәдени өмірінің тарихына енді.
Сәуірде театр К.Байсейітова атындағы Камералық залда Гаэтано Доницеттидің «Қоңырау, немесе Дәріханашының неке түні» комедиялық операсының премьерасын ұсынды. Музыканың жеңілдігі мен қойылымдағы жарқын әзіл көрермендердің таңданысын туғызды. Ал араға бірнеше ай салып елімізде алғаш рет барокко дәуірінің ең танымал операларының бірі – Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» спектаклінің премьерасы өтті. Дәстүрлі сюжет ерекше сценографияда қайта сараланып, ондағы іс-әрекет алхимиктің зертханасында өрбіді.
Әлбетте, Сыдық Мұхамеджановтың жүз жылдығына арналған композитордың «Айсұлу» тұңғыш комедиялық операсының премьерасы жылдың басты оқиғасы атанды. Қойылым жоғары бағаға ие болды. Өнертану докторы, профессор Үмітжан Жұмақова өз рецензиясында: «Ұлттық әуезді нақышқа ие әрі түпнұсқа сөйлеу интонацияларын бейнелейтін опера музыкасы спектакльде тапқырлыққа, батылдық пен жақсылыққа деген сенімге толы халық өмірін көрсетуге кеңістік ашады. Ақындар мен жыраулар шығармаларында, мақал-мәтелдерде молынан көрініс тапқан шешендік пен тапқырлықты қайта пайымдауда қойылым сахналық алуандылыққа толы. ХХ ғасырдағы сатиралық поэзия мен сықақ әдебиет іспетті халықтың әзіл-оспақ дәстүрі де бұл операда жаңа мәнге ие болды. Сондықтан бүгін көрермендер залында күлкі мен ду қол шапалақ тыйылмады. Көпшіліктің осы қошеметіне қарағанда, ғашықтардың шытырман оқиғалары мен қарапайым халықтың өмірі өте қызықты әрі жанға жақын дүниедей қабылданады», — деді. Бұл операның театр репертуарындағы ғұмыры баянды болатынына еш күмән жоқ.
Балеттік қойылымдар қатары да жаңа туындылармен толықты. Олардың арасында HasSak ансамблінің музыкасына «RUH» ауқымды ұлттық нөмірі бар. Оның хореографы ретінде театрдың келешегі зор жас солисі Сұлтанбек Ғұмар тер төкті. Оның «Mangurt» секілді жұмыстары балет труппасы үшін бетке ұстар қойылымға айналды. Қазақстандық хореографтардың жаңа буынының тағы бір өкілі Айдан Қалжан Витторио Монтидің музыкасына «Temptation» нөмірін таныстырды. Бұдан театрдың жас қоюшыларды белсенді түрде қолдап, оларға өздерінің шығармашылық қырларын паш етуге мүмкіндік беріп жатқанын аңғаруға болады.
Сонымен қатар биыл театр гастрольдік қызметін белсенді жүргізді: «Астана Опера» балет труппасы әйгілі Любляна халықаралық фестивалі аясында Юрий Григоровичтің қойылымындағы А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» спектаклімен Словенияда табысты өнер көрсетті. Театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі театр хоры Қарағандыда есте қаларлық концерт берді, ал опера солистері Шымкент жұртшылығын тәнті етті.
Ресейдің Үлкен театрындағы гастроль маңызды оқиғаға айналды. Онда әртістер Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын таныстырды. Мәскеудегі ғаламат жетістік «Астана Операның» еліміздің бас театры ретіндегі халықаралық дәрежесін нығайтты. Сыншылардың көптеген пікірлері де осыны аңғартады, мәселен танымал музыка сыншысы Александр Матусевич «Независимая газета» беттеріндегі өз рецензиясында: «Астана Опера» жоғары орындаушылық деңгейін паш етті. Элмар Бөрібаевтың жарқын әрі сапалы оркестрі және Ержан Дәуітовтің күшті әрі әсем даусы бар айрықша қуатты хоры спектакльге берік негіз бен осында қажетті эпикалық қарқын берді. Солистер осы көріністе жарқын өнер көрсетті. Қазақтардың бұрыннан белгілі жоғары дауыстары – неғұрлым ұтымды тұсы: бұлбұлша сайраған колоратура Салтанат Ахметова (Ажар) мен жарқын тенорлардың (Мейір Байнеш – Айдар, Бейімбет Таңарықов – Әзім, Рамзат Балакишиев – Нарымбет) мызғымас тобы ешкімді бейжай қалдырмады. Баритон Талғат Мұсабаев басты партияны абыроймен және салмақты орындап, қазақ халқының аңызға айналған ағартушысын шынайы сомдады», — деп жазды.
Гастрольдік жылды әлемнің мәдени, экономикалық және туристік орталығы Дубайдағы «Дубай Опера» сахнасында П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетімен өнер көрсету түйіндеді. Жоғары техника мен әсемдікті паш еткен әртістер алты спектакль бойы қалың көрермен жинады.
Сандарды сөйлетер болсақ, 2024 жылы театр спектакльдер, концерттер мен шеберлік сабақтарын қосқанда 250-ден астам іс-шара өткізді. Бұл премьералар мен гастрольдер ғана емес, сонымен қатар мәдени байланыстарды нығайтатын және көрермендер мен әртістерді әрдайым шабыттандыратын фестивальдер. Бір жыл ішінде театрдың іс-шараларына 100 мыңнан астам көрермен келгенін айта кеткен жөн.
«Астана Опера» қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, деңгейін жыл сайын көтеруде. 2024 жыл шығармашылық шекараны кеңейтудің және түрлі елдер мен мемлекеттердің адамдарын қалай шабыттандырудың үлгісіне айналды. Ал жаңа 2025 жыл қызықты премьералармен және тартымды жобалармен бұдан да жарқын болады деп күтілуде.