«Астана Опера» балет труппасы Дубайға «Щелкунчик»-пен қайта барады
«Астана Опера» балет труппасы аңызға айналған хореограф Юрий Григоровичтің қойылымындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетімен Дубайға тағы гастрольге аттанады. Спектакльдің былтырғы зор жетістігінен кейін «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова бастаған қазақстандық труппаны дубайлық театр қайта шақырды. Биыл ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен театр алты көрсетілім дайындады, олар 19, 20, 21 және 22 желтоқсанда «Дубай Опера» сахнасында өтеді. «Астана Опера» симфониялық оркестрі италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның басқаруымен өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, аталмыш театр Дубайдың қақ ортасында, «ең беделді шаршы шақырым» аталатын ауданда орналасқан. 2024-2025 жылдардағы театр маусымында «Дубай Опера» сахнасында жетекші халықаралық шығармашылық ұжымдардың 50-ге жуық қойылымы өтеді. Мұнда Ла Скала театры, Рим опера театры, Венгрия мемлекеттік операсы, Қытай ұлттық балеті сынды ұжымдар өнер көрсеткен.
«Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров әртістердің жоғары шеберлік деңгейін паш ете отырып, «Астана Операның» Қазақстан мен өзге елдердің арасын байланыстырушы мәдени көпірге айналғанын мақтан ететінімізді атап өтті.
– Өнер көрсетуге шақыру алу кез келген театр үшін абырой болып табылады. Бұл ұжымның сұранысқа ие, ал оның қойылымдары жоғары деңгейде екенін айғақтайды. Ол шынымен де солай, өйткені былтыр біз спектакльдерден кейін өте көп оң пікірлерге ие болдық. Қазақстандық труппа өнер көрсеткен барлық күндері 2 000 орынға арналған «Дубай Опера» залы көрермендерге лық толды. Елордалық театрдың гастрольдік өнер көрсетуінің айналасында абыр-сабыр орын алғаны сонша, залға спектакльдерді көруге ниет білдірушілердің барлығы дерлік сыйған жоқ. Биыл да біздің шығармашылығымызбен танысқысы келетіндердің қарасы аз емес, сондықтан бізді алда өте жауапты өнер көрсету күтіп тұр, — деді.
– Гастроль әртістерді ынталандырып, өз шеберліктерін халықаралық аудиторияға көрсетуге, тәжірибе алмасуға және өсуге мүмкіндік береді. Өйткені әрбір сапар шығармашылыққа ерекше серпін береді. Бұдан бөлек, ол мәдени қарым-қатынастарды да нығайтады, себебі өнер адамдарды біріктіретін көпір іспетті, сондықтан біз осы үрдістің бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз. Еңбегіміз бен шығармашылығымызға сұраныстың бары және ол «Астана Опера» театрынан тыс жерлердегі көрермендерге де қызықты болғаны бізді шабыттандырады. Бұл әрі қарай дамуға күш пен ұмтылыс береді, — деп атап өтті Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Заманымыздың ұлы хореографтарының бірі Юрий Григоровичтің қойылымы П.Чайковскийдің «Щелкунчигін» балет өнерінің жауһарына айналдырды. Спектакль ғажайып рождестволық хикаяны баяндап, махаббат пен есею секілді философиялық тақырыптарды ашады. Сыншылардың сөзімен айтсақ, «әлемдік музыкалық әдебиетте қуыршақ ойнаған қыздың жан дүниесінің жетілу процесіне, батыл да ержүрек қаһарман жайлы армандары арқылы махаббаттың алғашқы сәулесіне дейін «сезімді тәрбиелеу» барысына сәйкес келетін мысал жоқ.
Хореограф жасаған жеке нөмірлер, атап айтсақ мүлгіген қысқы табиғаттың таңғажайып бейнесін көз алдыңа әкелетін ақ ұлпа қар бүршіктерінің биі, «шай» қытай комедиялық биі мен «кофе» араб биі ересектерге де, балаларға да зор әсер қалдырады. Әлбетте, классикалық хореография, символизм, қиял-ғажайып бейнелер мен Симон Вирсаладзенің көркемдік безендіруі бұл балетті шынымен ұмытылмастай етеді. Ұлы суретші С.Вирсаладзе жайында «биді киіндірді» деген пікірлер айтылуда. Қайық, үлкен зеңбірек пен кішкентай зеңбірек, шартылдақ, көбікті толқын, желпуіш, 200-ге жуық костюм жарқын түстердің бай палитрасын паш етеді.
Осынау балет театр репертуарында тура 10 жыл ұсынылып келеді. Қойылымның хореографиясы бастапқы күйдегідей қалуы үшін «Астана Опера» труппасымен гастроль алдында Юрий Николаевич Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая жұмыс істеді.
Театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы желтоқсанның төрт күнінде өздерінің шеберліктерін паш етеді. Олар сахнада Мари мен Щелкунчик-Ханзаданың бейнелерін сомдап, көрермендерді ертегі мен сиқыр әлеміне жетелейді.