«Астана Опера» қаланың мәдени көркін аша түсті
Енді «Астана Опера» спектакльдері туралы ақпаратты ғаламтордан ғана емес, басқа да дерек көздерінен табуға болады. Тұрғындарды еліміздің бас сахнасында өтетін қызықты шараларға шақыратын афишалары бар театрлық бағаналар елорданың көптеген көшелері мен даңғылдарына көрік беретін болады. Олар ғажайып театр әлеміне еліктіріп, алда болатын қойылымдар алдында жүрек толқытады.
Көшелерде театрлық бағаналардың пайда болуы «Астана Операны» елорда тұрғындары мен қонақтарына жақындата түсті. Енді көпшілік репертуармен оп-оңай танысып, өзінің талғамына сай келетін спектакльді таңдай алады. Осындай жаңашылдық қаланың келбетіне әсемдік қосып, оның тіршілігін мәдени тұрғыда мазмұнды етеді. Ал афишаның өзіндік бояуы, кескіні мен текстурасының үйлесімділігі өткен-кеткеннің көзін қызықтырып, қаламыздың көшелерінде мерекедегідей атмосфера туғызады. Билеп жатқан балериналардың суретінен бастап, опералық қойылымдардан ауқымды көріністерге дейін ілінген әрбір бағана тұрғындарды театр өнері әлеміне қызықты саяхат жасауға шақырады.
— Театрдың әсем әшекейлері көшелерімізде жуырда пайда болды. Шынымды айтсам, осыған дейін опералық және балеттік қойылымдарға қатты қызықпайтынбыз, алайда афишаларға көзіміз түскеннен кейін қазір елордалық операда нені қойып жатқанын көру қызықты болды. Сөйтіп, жұбайым екеуміз «Сильфида» балетіне билет сатып алып, тамашалаған спектаклімізден зор әсерге бөлендік. Менің ойымша, Астана қаласының әкімдігі мен «Астана Опера» театры бірлесіп, игі ағартушылық іс атқарып отыр, — деп пікірімен бөлісті қала тұрғыны Дархан Төлеуов.
Айта кетейік, театрлық бағаналар қаланың түрлі бөліктерінің сәнін келтіруде. Оларды елордалық саябақ, цирк, Ботаникалық бақ, жағалау, Еуразиялық университет маңында және басқа да көптеген жерлерде көруге болады.
Жақын арада театрлық бағаналар Астананың мәдени өмірінің ажырамас бөлшегіне айналады. Себебі олар бізге өнердің біз ойлағаннан да жақын болуы мүмкін екенін еске салуға арналған.