«Астана Опера» театрды жас өрендерді әуенмен тәрбиелейді
«Астана Опера» театры – бұл әрбір жан сахнада ғажайып жасау үшін еңбек ететін тұтас әлем. Театрда бұл іске ересектермен бірге үлесін қосып жүрген балалар көптеп саналады. Олар театрлық қолөнер студиясы, балет студиясы және онсыз әлемдегі ешбір опера театры қызмет ете алмайтын хор студиясы тәрізді түрлі бөлімдерде «еңбек етуде».
Ал оған хормейстер Алтынғаным Ахметова жетекшілік етеді, оның арқасында біз ғажайып театрлық атмосфераның жасалу құпиясын ашып, қалай музыкалық білімнің тұлғаның үйлесімді дамуының іргетасы бола алатынын білеміз.
— Алтынғаным, балалар хорына көркемдік жетекшілік етудің ересек әртістермен жұмыс істеуден қандай ерекшеліктері бар?
— Балалар сахнада ересектер секілді жұмыс істейді, оларға қойылатын талап бірдей. Олар сахнаға шыққан кезде залдағы көрермендер әртістерді көруі тиіс, ол балалар бола ма, әлде ересектер ме, маңызды емес. Сондықтан балалар хорымен және ересек кәсіби ұжыммен жұмыс істеу сценарийі бірдей. Тек жұмыс барысы ғана ерекшеленеді, онда жас шектеулері мен бала даусының физикалық өзгешеліктері ескеріледі. Бала даусының анағұрлым нәзік екенін түсіну қажет, сондай-ақ ересектерге қарағанда балалардың назары жеткіліксіз болатын жағдайлар да кездеседі, сол кезде жұмысты осы ерекшеліктерді есепке ала отырып құру керек.
— Балалар шұғылданып жүрген бір ісінен екіншісіне тез ауысуы мүмкін, ал оларды дәл осы театр ісіне белсенді қатысуға ынталандыратын нақты бір тәсілдер бар ма?
— Ынта балалардың барлығында да бар, яғни баланың операға қатысуға ынтасы болмаса, оның басқа нәрсеге қызығушылығы бар және оны дамыту керек. Егер де біз балалардың сахнаға қызықпайтынын көрсек, онда біз ата-аналармен сөйлесіп, олардың ұлына немесе қызына жүзу, футбол, сурет салу және тағы басқалары анағұрлым қызығырақ болатынын түсіндіреміз. Өйткені біз нәтиже үшін жұмыс істейміз. Балалардың тез шаршап қалатынына, ұйқылары қанып-қанбағанына, көңіл күйлерінің жақсы немесе жаман болғандығына қарамастан, біз нәтиже шығаруға тиіспіз. Егер жұмыс істеуге ниет болса, онда біз бірге ортақ мақсатымызға қарай жүреміз және әрине, көптеген аспектілерді ескереміз. Мәселен, ән айтуда бір сағаттық жұмыс барысында біз баланың даусына зақым келмес үшін көп үзіліс жасаймыз. Бес-он минут ән айтсақ, екі минут оларға әңгіме айтам. Немесе олардан қандай да бір ақпаратты табуды, либреттоны оқып шығуды өтінеміз, бұл кезде дауыс желбезегі қатыспайды. Содан кейін біз оқыған шығарманы талқылаймыз, кейбір тұстарын түсіндіреміз. Кәсіби әртістермен болатын жалпы сахналық дайындық туралы айтатын болсақ, балаларға оған бастан-аяқ қатысып шығу қиындау, олар еркелеп, шулай бастайды, сондықтан біз олардың көңілдерін аулайтын бір нәрсе ойластыруға тырысамыз. Дайындық барысы кезінде ересек әртістер ән айтып жатқанда балалар үзілісте болады, сонда олармен бірге сыртқа шығып ойнап келеміз, жүрек жалғаймыз, сосын қайтадан сахнаға ораламыз, яғни балалар шаршамас үшін әрекетті аз уақытқа алмастырып отыру қажет.
— Әрине, балалар студиясының әрбір әртісі солист болғысы келеді, мен оларға солист болу оңай емес екенін түсіндіруге тырысамын. Араларынан біреуі белгілі бір спектакльде солист ретінде өнер көрсеткеннен кейін ғана олар мұның қаншалықты қиын екенін және ол үшін өте көп жұмыс істеу керектігін түсіне бастайды. Олар солистің жалғыз бола алмайтынын, оған сақтандырушы керек екенін де түсінеді, себебі өмірде түрлі жағдайлар болуы мүмкін, мәселен даладағы көктайғақ, вирустар дегендей. Бұл оларды денсаулықтарын күтуге ынталандырады.
Дараланып тұрған жақсы ғой, алайда театр – бұл жинақтамалы өнер түрі, тіпті бір ғана музыкалық бөлік оркестр, хор, балалар хоры және солистер секілді төрт ұжымнан құрылады. Ұжымдардың әрқайсысы бастапқыда жеке-жеке дайындалады, кейін ортақ жұмыс үшін бірігеді. Осылайша, музыка шығуы үшін әр бөлім керемет жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ бұған сахналық және актерлік жұмысты да қосу керек, өйткені олар спектакльдің техникалық бөлігімен өзара байланысты. Міне, командалық рух дегеніміз – осы. Мәселен, «Богема» операсында біз жас әртістерге сахнаның бір бөлігінен 5 метрге көтерілетін екінші бөлігіне өтудің қаншалықты маңызды екенін түсіндіреміз. Және техникалық қауіпсіздікті ескере отырып, мұны ерте я кеш емес, өз уақытында істеу қажет. Балалар өз орындарына тұрғаннан кейін таяныштар әкелініп, қоршаулар қойылады. Жас әртістеріміз осынау күрделі процесте жалғыз емес екендерін түсінеді. Осындай ауқымды жұмысқа қатысу процесі біздің шағын ұжымның арасында ғана емес, жалпы театрда командалық рухты қалыптастырады.
Әлбетте, жаңадан келген балаларға бұл процеске үйренісіп кету қиынырақ, олар қайда тап болғандарын толық түсінбейді, алайда көрерменнің алдына алғаш шыққаннан кейін спектакльді білетіндердің соңынан ілесіп отырады. Бұл арада айта кететін тағы бір жайт, сахнада кішкентайларға хордың ересек бөлігі қарап жүреді, бұл олардың маңызды міндеттерінің бірі саналады. Балалар спектакль кезінде жетекшінің олардың жанына келмейтінін және еш нәрсені түзете алмайтынын, өздерінің дирижермен және көрерменмен оңашада қалғанын жақсы біледі. Сондықтан оларды мұндай жағдайдан командалық рухтары алып шығуы тиіс.
— Жыл сайын театр репертуары жаңа спектакльдермен толығуда, балалар хоры олардың қаншасына қатысып жүр?
— Үлкен сахнада өтетін бес операға, К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өтетін екі операға қатысады, сондай-ақ балалар сахнаға миманс әртістері ретінде шығатын тағы төрт спектакліміз бар.
— Бала театрда болған уақыт ішінде өте көп нәрсеге машықтанады, оның арасынан біреуін бөліп-жарып айту қиын. Ол өзінің даусын, денесін басқаруды үйренеді, ұжыммен өзара әрекет ете бастайды, командалық рух, тәртіп, назар, өзара көмек дамиды, өйткені студиямызда олар әрдайым бір-біріне қол ұшын созады. Сонымен қатар біз операларды түпнұсқа тілінде, итальян, француз және қазақша орындайтындықтан балалар белгілі бір дәрежеде тілдерді де үйренеді. Десе де ең бастысы, біз баланы дұрыс жалпыадамзаттық құндылықтарға баулып келеміз, себебі өнердің көмегімен бала рухани жағынан дамиды.
— Балалар хорының жетістіктеріне баға бере аласыз ба және Сізде табысқа жетудің нақты өлшемдері бар ма?
— Бала үшін басты ынта – сахнаға шығу. Ду қол шапалақ – түптеп келгенде, балалар үшін ең үлкен сыйлық.
— Бала тұлғасын қалыптастыруда музыкалық білім қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?
— Бұл тұлғаның үйлесімді дамуының іргетасы. Өнердің басқа да түрлері секілді, музыкалық білім де дұрыс рухани құндылықтарды қалыптастырады, бұдан бөлек біз өнерге деген сүйіспеншілікті оятып, болашақ көрерменді тәрбиелейміз, себебі бала әрі қарай музыкамен кәсіби түрде айналыспаса да, театрға барып жүретіні анық. Бұл компьютерлік ойындарды ғана ойнайтын балалардан ерекшеленетін басқа балалар. Олардың ой-өрісі кеңейіп, композиторлардың ғұмырнамасын зерттейді және мәтіндерді оқиды, көру және есту қабілеттерін дамытады. Сондықтан музыканың тұлғаны қалыптастырудағы маңызы зор!
— Балалар студиясына ашылған сәттен бастап келіп жүрген балалар бар ма?
— Театрдың балалар хор ұжымы ретінде жұмыс істеп келе жатқанымызға 10 жыл болды. Алғашқы жылдары білім алған жарқын өкілдерді айтатын болсам, бұл әрине Дариға Мұсаева, ол содан кейін Astana Opera Халықаралық опера академиясына оқуға түсті. Сондай-ақ – біздің қыздарымыз – студиямыздың алғашқы қарлығаштары Италияға оқуға кетті, Лондонда режиссураны тамамдаған қыздарымыз бар, олардың біреуі оқуын аяқтағаннан кейін сонда 2 жыл жұмыс істеді. Біздің театр балаларға мамандық таңдауда зор ықпал етті. Кем дегенде, ондаған адам колледждердің вокал бөлімінде білім алуға шешім қабылдады. Қазір көптеген ұлдар хор бөлімінде оқып жатыр. Сахнамызда өзге ұжымдармен бірлескен көптеген үлкен концерттер өтеді, ондағы вокалистердің арасынан өзіміздің бұрынғы шәкірттерімізді де көзіміз шалады, сондай концерттер кезінде олар қасымызға келіп, амандық сұрасып, өздерінің жетістіктері жайлы айтқанда әрине қуанып қаламыз.
— Сізден бөлек тағы кімдер балалармен жұмыс істейді?
— Әлбетте, тұтас команда, оның құрамында режиссер Николай Коршунов бар, ол балалардың алдына мизансценалық міндеттер қойып, спектакльді қоюшылардың қалауына сай актерлік көзқарас тұрғысынан сақтайды. Оркестрдің міндетін біздің айнымас концертмейстеріміз Ирина Кургузкина атқарады және де балалармен тағы бір хормейстер Айгерім Амангельдиева жұмыс атқарады.
— Хорға енді келе бастаған балаларға қандай тілек айтар едіңіз?
— Сіздер үйірмеде дайындалуға келіп жүрмегендеріңізді түсінулеріңіз қажет. Бұл өз алдына мамандықтың бастауы тәрізді. Кез келген тілек әдетте ата-аналарға қатысты айтылады ғой, ал қазіргі ата-аналар балаларының барлығына үлгергенін қалайды, бірақ бұл кестені балалар көтере алады ма екен, соны түсіну қажет. Сондай-ақ ата-ана баласының қайда барып жүргені туралы өзіне есеп беруі тиіс. Ал олар еңбек ететін жерге келіп жүр, мұнда балалардан қайтарым болуы тиіс, егер ол болса, баланың икемі қалыптасады, сонда ғана кәсіби өсу болады. Ол болмаса, онда бұл уақыт пен бағалы шығармашылық күштің зая кеткені. Сондықтан нақты шешімге келген болсаңыз, осынау асқақ өнердің ғажайып әлеміне бойлап, оны зерттеу үшін біздің балалар студиямыз сізді күтеді.