«Астана Опера» театры гастрольдік сапары сәтті аяқталды
Алматы мен Қарағанды елордалық труппаны зор қошеметпен қарсы алды. Өнер көрсету күндері залда бірде-бір бос орын қалмады. 27 мамырда Абай атындағы театрдың әйгілі сахнасында «Астана Опера» репертуарындағы тың қойылымдардан құрылған Гала-балет зор табыспен өтті. Ал келесі күні, яғни 28 мамырда опера труппасы Қарағандыда Сәкен Сейфуллин атындағы театр сахнасында жұртшылықты өз өнерімен таңғалдырды.
Театр үшін мамыр шынымен өте қарқынды өтті. Труппаның гастрольдері Алматы, Қарағанды және Польшада бір уақытта өтуде. Бұдан бөлек, осы айда «Астана Опера» қазақстандық көпшілікке екі премьераны зор табыспен таныстыруда, олар: заманымыздың көрнекті балетмейстері Иржи Килианның хореографиясындағы «Кіші өлім» балеті және Цезарь Кюидің «Етік киген мысық» опера-ертегісі. Ал оныншы мерейтойлық маусымның шымылдығы «Опералия» халықаралық фестивалімен түрілетінін театр басшылығы хабарлап қойды.
Еске сала кетейік, Алматыға гастрольдің алғашқы күні балет труппасы Юрий Григоровичтің аңызға айналған «Спартак» қойылымын ұсынған болатын, бағдарламаны мәдени елордада аты мәшһүр болған Гала-балет қорытындылады.
Көрермендер Анастасия Заклинская мен Диас Құрманғазының керемет орындауындағы Адольф Аданның «Жизель» балетінен дуэтті және Әйгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов сондай әсерлі сомдаған Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» спектаклінен нөмірді зор қошеметпен қабылдады. Әртістер Александр Корнилов пен Назира Заетова алғаш рет алматылық сахнада Дмитрий Брянцевтің хореографиясында «Ескі фотосурет» нөмірін ұсынды. Жастардың қызықты оқиғасын ұлттық нөмір алмастырды, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заман» нөмірін солист Сұлтанбек Ғұмар сондай әдемі әрі жанды орындады. Жетекші солистер Мәдина Өнербаева, Әйгерім Бекетаева, Еркін Рахматуллаев пен Арман Уразовтың шеберлігі туралы көрермендер залының әр бұрышынан естілген «Бәрекелді» деген лебіздер айтып берді.
Алайда алматылық өнер сүйер қауым, әлбетте Иржи Килианның «Кіші өлім» және «Алты би» балеттерін күтті. Неге десеңіздер, бұл балеттерді әлемнің әрбір театрында көрсете бермейді. Сондықтан, Моцарттың музыкасы шырқалған бойда, зал әлденеден дәмеленгендей тына қалды. Және елордалық труппаның қуанышына орай көпшіліктің үміті ақталды.
«Біз «Астана Операның» келуін тағатсыздана күттік, себебі бұл біз үшін жаңа шығармашылық бағыттармен танысуға мүмкіндік. Әсіресе «Астана Опера» театрының негізінің қалануы біздің түлектерден бастау алатыны біз үшін екі есе қуаныш, оларды сахнада көргіміз келді. Әртістер жақсы кәсіби формада, осы үшін балет труппасының көркемдік жетекшісіне үлкен рақмет. Сондай-ақ шығармашылық ләззәт сыйлағаны үшін Алтынай Асылмұратоваға алғысымыз шексіз. Осындай кездесулер жиі болғанын қалаймыз. Барлық орындаушылар өте керемет, бірақ мен өзімнің шәкіртім Еркін Рахматуллаевтың өнер көрсетуін тағатсыздана күттім, оның жеткен жетістіктеріне шын жүрегіммен қуандым, онымен бірге барлық труппа жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Екінші бөлімде Килианның балеттері ұсынылды. Бұл – өте қызықты және мәнерлі пластика. Әртістер балетмейстер ұсынған бейнелерді көрсете алды. Бұл балеттердің техникасы өте күрделі, спектальдер музыкалық болып табылады, осы ретте Килиан қойылымдарының шынайы мәнін жұртшылыққа жеткізе алғаны үшін солистерге қошемет көрсету керек», – деп атап өтті балет әртісі, ұстаз Александр Медведев.
«Менің ойымша, «Астана Опера» труппасы әртістерінің кәсіби деңгейі өте жоғары екені даусыз және сондықтан да осы ұжымның кез келген шебердің классикасын да, заманауи хореографиясын да билеу қолдарынан келеді. Труппаның абыройы әрдайым биік болғанын және өзінің деңгейін ұстағанын қалаймын. Бағымызға орай, біз су жаңа бағдарламаны көрдік, өзіміз ұнатқан балет әртістерінің өнерін жаңа ипостаст тәсілімен бағаладық. Біз үшін классикалық музыкаға әзіл-ысқақ жанрдағы балетті қойғаны қызық болды. Әлбетте, әртістер осылай өседі. Театр репертуарында классика да, заманауи хореография да міндетті түрде болуы керек. Менің бүгінгі қойылымнан алған әсерім мен күткеннен де асып түсті. Біздің ұжымдар – әріптес, сондықтан да «Астана Опера» театры труппасының тыныс-тіршілігі бізге қашанда қызықты», – деп пірімен бөлісті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ұстаз, хореограф Мұрат Төкеев
Театр сүйер қауым әртістерді көпке дейін жібергілері келмеді, соғылған әрбір шапалақтың даусы бірінен-бірі асып жатты.
Бұл уақытта опера труппасының солистері қарағандылық сахнада гала-бағдарламада өнер көрсетуге дайындалып жатқан еді. Талғампаз көрермендер үшін жарқын сахналық нөмірлер мен С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік орындауы таңдап алынған болатын.
Атақты опера әртістерінің 28 мамыр, жексенбінің кешінде С.Сейфуллин атындағы театр сахнасындағы таңғажайып өнер көрсетуі дәл осы операмен басталды. Елестетуге қиын шығар, алайда Сергей Рахманинов «Алеконы» жазғанда оның жасы небәрі 19-да болған. Консерватория түлегі өзінің дипломдық жұмысы «Алеконы» 17 күннің ішінде жасап шықты. Бұл туындыға мойындалған шеберлердің жауһарларымен қатар әлемдік опера тарихына ену жазылды. Ал биыл бүкіл музыка қауымдастығы ұлы композитордың 150 жылдығын атап өтуде, осы ретте «Астана Опера» театры да қалыс қалмады. Сондықтан үнемі театр өнерінің алдыңғы қатарында жүретін қарағандылық көрермен үшін осы опера жауһары таңдап алынды.
«Астана Опера» опера труппасы мен хор әртістерінің гастрольдік өнер көрсетуінің екі бөлімі де лайықты деңгейде болды. «Алеко» операсын тұтас тыңдауға мүмкіндік алған қарағандылық жұртшылықтың жолы болды. Бұлай дейтін себебім, бұл опера, әдетте тек ария түрінде орындалатын. Тыңдармандар тек Земфира мен Жас сығанның дуэтін және басқа да дуэттерді естіп жүрді, алайда бұл орынсыз деп ойлаймын. Өйткені Рахманиновтың музыкасы, осынау опера – әлемдегі ең керемет туындылардың бірі. Маған орындаушылардың барлығы да ұнады, әсіресе Шыңғыс Расылхан (Қарт сыған), ол өз партиясын вокалдық жағынан ғана емес, сондай-ақ актерлік жағынан да жоғары деңгейде ұсынды. С.Ф.Матвеев әртістермен режиссер ретінде жұмыс істеген, бұдан бөлек, ол – керемет мәнерлеп оқушы. Ол Пушкин мен Рахманиновтың туындысына зор сүйіспеншілікпен және ұқыптылықпен келген. Барлық мизансценалар егжей-тегжейіне дейін ойластырылған, сондықтан бұл орындауды концерттік орындау деп айту қиын, біз тұтас спектакльді көрдік. Әртістер осы хикаяны бастан кешірді, оны жүректерімен сезініп, көрерменге жеткізе білді. Маған хор мен оркестр қатты ұнады, олар үйлесімді өнер көрсетті. Әртістердің дауыстары – ғажап. Осынау кеште мен өзім үшін бірнеше әншіні танып білдім, олар: Д.Көшкінбаев пен Н.Тойкенов, екеуінің де даусы жас әрі таза. Айгүл Ниязова, Жамиля Джаркимбаева, Мейір Байнеш, Азамат Жылтыркөзов туралы бір нәрсені ғана айта аламын, олар – нағыз шеберлер, керемет әртістер», – деп атап өтті танымал қазақстандық журналист Вера Ляховская.
Бүкіл музыкалық кеш бойы Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестріне Петр Грибанов дирижерлік етті. Қарағандылық ұжым осынау мазмұнды концертпен өзінің XXXX маусымын аяқтағанын атап өтуіміз қажет.
Жарқын гастрольдік бағдарламаның екінші бөлімін Гала-опера ашты. Сахна шеберлері – Айгүл Ниязова, Жамиля Джаркимбаева, Гүлжанат Сапақова, Азамат Жылтыркөзов, Мейір Байнеш, солистер Әсем Сембина, Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан және Нарұл Тойкенов, Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірті Дінмұхамед Көшкінбаев, «Астана Опера» хорының әртістері әйгілі опералардан үзінділер мен арияларды жеке де, дуэтпен де тамаша орындап шықты.
«Астана Опера» театрының труппасы бізге жыл сайын гастрольмен келеді, бұл екі қаланың тығыз шығармашылық қатынастарымен байланысты. Сіздердің өнер көрсетулеріңізді әрдайым тағатсыздана күтеміз және одан ешқашан қалмаймыз. Бүгінгі кешті де қуана тамашаладық, бұл шын мәнісінде ғажайып кеш болды. Әртістердің керемет вокалдық формада екені, сондай-ақ актерлік шеберлікті жоғары деңгейде меңгергендері көрініп-ақ тұр. Оларды тыңдай бергің келеді. Бізге тағы да келіңіздер», – деп өз әсерімен бөлісті Дархан Өтепов есімді көрермен.