«Астана Операда» еліміздегі маңызды оқиғалар мен даму стратегияларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті
Шара қатысушылары белсенділік танытып, пікірлерімен бөлісті, ағымдағы мәдени, әлеуметтік-экономикалық әрі саяси ахуалдың түйінді аспектілерін атап өтті.
Спикерлер өз сөздерінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатынан дәйексөздер келтірді. Оларға деген қызығушылық ерекше болды, себебі дәйексөздер мемлекет басшысының маңызды мәселелерге қатысты ресми көзқарасын білдірді.
Президент биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды атап өтті. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек. «Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты».
— Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сұхбаты барлық саланың одан әрі дамуына қуатты серпін берді. Біз өзіміздің шығармашылық қызметіміз арқылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Президентінің идеяларын жүзеге асырып, Мемлекет басшысы ұсынған тұжырымдаманың бір бөлігіне айналатын және қоғамдағы сұранысқа жауап беретін өнер туындыларын жасауға тиіспіз, — деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Талқылау барысында мәдениет саласында болып жатқан оқиғаларға жан-жақты көзқарастар тоғысып, дөңгелек үстелге қатысушылар ағымдағы мәселелерді шешудің сындарлы тәсілдерін ойластыруға тырысты. Сөйтіп, «Астана Опера» театрында өткен дөңгелек үстелде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Президентіміз осынау маңызды мерекеге деген көзқарасты өзгерту қажеттігі туралы идея білдіріп, Наурыз мейрамы жаңарудың нышаны екенін және оны тойлауда осы қағидаттарды көрсету керектігін алға тартқан болатын.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ұлттық мерекенің дәстүрлі элементтерін заманауи жасампаз тәсілдермен сабақтастыру тәрізді түрлі идеяларды ұсынды. Сондай-ақ шеберлеріміз дәстүрлі қолөнер бұйымдарын жаңаша түрде ұсынатын ұлттық қолөнер және өнер фестивалін ұйымдастыру қажеттілігі айтылды.
Заманауи технологияларды ескере отырып, мерекеге онлайн қатысу үшін виртуалды алаң құруға болады. Оған виртуалды көрмелер, интерактивті шеберлік сабақтары мен ұлттық іс-шаралардың стримингі енуі мүмкін. Қоғам мен қоршаған ортаны қолдауға бағытталған жобалар жасауды ынталандыру ұсынылды. Бұл жаңару мен ынтымақтастық тақырыбымен байланысты қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларды қамтуы мүмкін.
Осы ұсыныстар дәстүрді сақтап қана қоймай, тың көзқарас енгізе алатын, қоғамның топтасуына және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ететін Наурыз мерекесін бірегей әрі заманауи мерекелеуге бағытталған.
Жалпы, «Астана Операда» өткен дөңгелек үстел күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасу мен диалог үшін жемісті форум болды.