Астанада Қазақстан әйелдерінің VII UMAI форумы басталды 

Астанада Қазақстан әйелдерінің VII UMAI форумы өтіп жатыр. Бұл 500-ден астам елдің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкер әйелдер үшін көптен күткен маңызды іс-шаралардың бірі. Форум мазмұнды контенті, мықты спикерлері, пікірталас пен практикалық сессияларымен танымал.

Айта кету керек, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі тек экономикалық емес, әлеуметтік салада да айтарлықтай рөл атқарады. Елдің тұрақты дамуына тікелей әсер етіп, белсенді түрде білім беру, денсаулық сақтау және жергілікті қауымдастықты дамыту бағыттарына инвестиция салу, қолдау білдіруімен де ерекшеленеді. 

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 49%-ын әйелдер басқарады, яғни ол 1 млн астам кәсіпорынды құрайды. Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігі шағын және орта бизнес секторындағы жұмыс орындарының 31%-ын қамтамасыз етуде.

Форум барысында тың идеялар көтеріліп қана қоймай, сенімді байланыстар орнатып, ортақ жобалар және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты өрбітетін алаңның бірі әрі бірегейі. 

«UMAI – бұл жай ғана нетворкинг емес. Бұл бір-бірімізге қолдау көрсету. Біз мүмкіндігінше ресурс, тәжірибе алмасуға дайынбыз. Әрбір спикер форумның қыз-келіншектерінің нақты сұранысына байланысты таңдалды. Алғаш құрылған сәттен басты мақсатымыз – тез өзгеріп жатқан әлемде әйелдің өз орнын табуына көмектесу, шынайы әрі тиімді құралдармен қаруландырып, қаржылық және жеке дамуға жол ашу. Сондықтан форум тек білім алаңы емес, бұл тірек болар, шабыт көзіне айналар, бірге күрделі мәселелерге жауап іздейтін қауымдастық»,- деді UMAI қорының президенті Жамиля Ерназарова.

Спикерлер қатарында журналистер, медиа-менеджерлер, IT-мамандар, маркетологтар, дәрігерлер мен әлеуметтік кәсіпкерлер бар. Олар әйел көшбасшылығы, цифрлық даму, отбасы мен бизнесті үйлестіру, тұрақтылық пен психологиялық қолдау секілді маңызды тақырыптарды қозғайды. 

«Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік әдетте әйел бейнесімен байланысты. Сондықтан бүгінгі форум біздің де бағытымызбен үндеседі дей аламын. Әлеуметтік кәсіпкер ретінде мен үшін бұл форумның ерекшелігі мұндағы әрбір қатысушы «табысты» не «әлсіз» деп бөлінбеуінде. Барлығы тең, барлығын қолдайды. Әлбетте әйелдер қауымдастығының күші сезіледі»,- дейді форум қатысушысы, Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Гүлмира Пармышева.

«Қазіргі таңда жеке бренд қалыптастырудан бастап, отбасы мен мансап арасындағы тепе-теңдікке, ішкі құндылықтар мен тұрақтылыққа дейінгі маңызды әрі терең тақырыптар талқылануда. Осы ретте, форумның маңыздылығын атап өту керек. Қазіргі заманда нарықта алға шығудың басты капиталы – репутация. Бизнесті белгілі бір стратегиясыз жүргізу жеткіліксіз, жан-жақты даму керек. Ол үшін қыз-келіншектердің өздері бастама көтеріп, өздері жиналған осындай шаралар мәнді, пайдалы», – дейді PR маманы Ақсұлу Саңғали.

Форум аясында «Анамның қолынан шыққан» атты көрме өтуде. Онда қатысушы қыз-келіншектер өздері өндірген өнімдерін, яғни киім, аксессуарлар, табиғи косметика мен экотауарларды ұсынуда.