Астанада Студенттік спорт лигасы аяқталды

NU-да сегіз спорт түрінен Студенттік спорт лигасының финалы өтті. 52 университеттің атынан Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 750-ден астам студент өнер көрсетіп, медаль үшін жарысқа түсті. Жеңімпаздар Дүниежүзілік Универсиадаға жолдама алды.

Студенттік спорт лигасы биыл алғаш рет барлық жоғары оқу орны үшін бірыңғай турнир аясында өтті. Бірлескен жарысқа бастама жасап, шараны ұйымдастырып отырған – NU.

“Бұл турнирдің қорытындысы бойынша Дүниежүзілік Универсиадаға еліміздің атынан қатысатын команда жасақталатын болады. Қазақстандағы әуесқой ең мықты спортшы студенттер жиналып отыр. Лига мақсаттарының бірі – әрі қарай дамуды талқылау үшін жоғары оқу орындарының өкілдерін жинау, өйткені еліміздегі 117 университеттің 52-сінің студенттері өнер көрсетті, бұл жақсы көрсеткіш. Біз топ болып жиналып, әрқайсысымыз лиганы жақсарту бойынша өз ұсыныстарымызды ортаға салдық. Кейін біз ҚР ҒЖБМ-ға ұсыныс хат дайындамақпыз, олар қабылданады деген үміттеміз,” — деді NU Денсаулық және әл-ауқат орталығының бас менеджері Максим Крят.

Студенттік командалар негізгі спорт түрлері – үстел теннисі, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, баскетбол, сондай-ақ жүзу, кикбоксинг және тхеквондо сияқты қосымша спорт түрлері бойынша жарысқа түсті. Оларлың барлығы ерлер мен әйелдерге бөлінді.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, сондай-ақ спорт федерацияларының өкілдері мен кәсіби спортшылар қатысты.

Бірінші болып жүзу және кикбоксинг бойынша финал өтті. Жүзуден жарысқа 14 ЖОО-дан 61 студент қатысты. Спортшылар 50 және 100 метр қашықтыққа еркін, баттерфляй, брасс, арқамен жүзу, сондай-ақ командалық эстафета бойынша өнер көрсетті. Ең көп медальды NU олжалады, екінші және үшінші орындарды М. Қозыбаев атындағы СҚУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бөлісті.

Кикбоксинг турниріне 25 командадан 135 студент қатысты. Жарыс WAKO Full Contact түрі бойынша жастар санаттарында өтті. Медальдардың жалпы саны бойынша 1-орынды Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты иеленді. Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі 2-орын, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы 3-орын алды.

Қазақ күресі бойынша 26 ЖОО-ның студенттері 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Медальдардың жалпы саны бойынша 1-орынды Ясауи атындағы ХҚТУ, 2-орынды Қазақ спорт және туризм академиясы, 3-орынды Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті иеленді.

Теннис финалына 93 спортшы, 15 ерлер және 16 әйелдер командасы қатысты. Ерлер арасындағы командалық есепте 1-орынды Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, 2-орынды М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, 3-орынды SDU алды. Әйелдер арасындағы командалық есепте Шымкент университеті үздік атанып, 2-орынды QYZPU, 3-орынды Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті олжалады.

Одан кейін шахмат және тоғызқұмалақ бойынша финал өтті. Тоғызқұмалақ бойынша 7 раундта 14 ЖОО командалары бақ сынады. Жігіттер арасында 1-орынды Абай атындағы ҚазҰПУ, 2-орынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 3-орынды Жұбанов университеті алды. Әйелдер арасындағы командалық жарыста әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік атанып, 2-орынды Абай атындағы ҚазҰПУ, 3-орынды Ә. Марғұлан атындағы ППУ иеленді.

Шахмат бойынша 15 университет студенттері бақ сынады, әр команда 9 ойынға қатысты. Ерлер арасындағы командалық есепте NU алтын алып, 2-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 3-орынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ олжалады. Әйелдер арасындағы командалық есепте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы жеңіске жетті, 2-орынды NU, 3-орынды MNU алды. Шахмат турнирінің жеңімпаздары медальдармен қоса, Қазақстан шахмат федерациясынан ақшалай сыйлық алды.

Соңғы күні баскетболдан финал өтіп, “КАЗГАСА” ХББК ерлер арасында жеңімпаз атанды, 2-орынды NU, 3-орынды ХАТУ алды. Қыздар арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алтын алып, 2-орынды Ясауи атындағы ХҚТУ, 3-орынды Қорқыт Ата атындағы ҚУ иеленді.

Футзал мен волейбол бойынша финал 2024 жылғы күзде өтеді. Осы спорт түрлері бойынша жеңімпаздар анықталғаннан кейін, Студенттік спорт лигасының жабылу салтанаты өтеді.