Студенттік лиганың жүзу мен кикбоксинг бойынша финалы өтті

Студенттік спорт лигасы (SSL 2024) аясында жүзу және кикбоксинг бойынша финал өтті.

Жүзу бойынша спортшылар жеке және командалық есепте өнер көрсетті, олардың әрқайсысы ерлер мен әйелдер болып бөлінді. Жарысқа 14 ЖОО-дан 61 студент қатысты. Спортшылар еркін, баттерфляй, брасс стильдері, арқамен 50 және 100 метр қашықтыққа жүзу, сондай-ақ командалық эстафета бойынша жарысқа түсті.

Ең көп медаль жинаған NU (13) болып отыр, екінші және үшінші орынды М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бөлісіп отыр (7 медальдан).

Командалық есеп бойынша жеңімпаздар:

  • 50 метрге 4 адамнан аралас эстафета (әйелдер) – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
  • 50 метрге 4 адамнан аралас эстафета (ер адамдар) – NU
  • 50 метрге 4 адамнан еркін стиль бойынша эстафета (ер адамдар) – NU
  • 50 метрге 4 адамнан еркін стиль бойынша эстафета (аралас) – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
  • 50 метрге 4 адамнан аралас эстафета – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

“Жарыс жоғары деңгейде өтті, қарсыластар да мықты болды, алайда бірлескен күш-жігердің арқасында 6 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль қанжығаладық. Біз жас команда болсақ та, жеңіске жеткіміз келеді. Оған қоса біз Олимпиада жеңімпаздарымен шеберлік сабақтарын өткіземіз. Мәселен, жақында ғана бізге Олимпиада чемпионы, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы Дмитрий Баландин келген еді”, — деді NU-дың жүзу бойынша командасының капитаны Еңлік Ұлтарақова.

Сонымен қатар бүгін лигадағы тағы бір спорт түрі – кикбоксингтен финал өтті. Турнирге ЖОО-лар мен колледждерден 25 команда – барлығы 135 студент қатысты.

Жарыс WAKO Full Contact түрі бойынша 16-17 және 18-24 жас санаттары бойынша өтті. Медальдардың жалпы саны бойынша 1-орынды Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты, 2-орынды Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық колледжі, 3-орынды ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы иеленді.

Еске сала кетейік, биылғы 26-31 мамыр аралығында NU-да Студенттік спорт лигасының финалы өтуде, оған Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 52 университеттен 750-ге жуық студент қатысып жатыр. Студенттік спорт лигасы биыл алғаш рет барлық жоғары оқу орны үшін бірыңғай турнир аясында өтуде. Шараның ұйымдастырушысы – NU.