Бейімбет Майлиннің шығармалары желісімен түсірілген «Талақ» фильмі Қытайда көрсетіледі

29 мамыр 2024 жылы Халықаралық Шанхай кинофестивалі негізгі халықаралық конкурсқа іріктелініп алынған фильмдердің тізімін жариялады. Биылғы 26-шы Халықаралық Шанхай кинофестивалінің негізгі конкурсында Қазақстан тарапынан режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі бақ сынайтыны анықталды.

Фильмге Қазақ даласындағы өткен жүзжылдықтың жырмасыншы жылдарындағы оқиға арқау болады. Жаппай ұжымдастыру басталған кез,  «социализмнің» ызғары есіп тұрған кезең. Түрлі ұрандар да желдей еседі. Соның бірі — «әйелдерге бостандық». Осы ұранды желеу қылғандардың салқыны сан жұртқа тиеді. «Талақ» сөзі фильмде мұсылман заңдылығымен  ажырасуды ғана білдірмейді, сол кезеңдегі қазақ өміріндегі  өмір сүру тәртібінен, дәстүрінен, көшпенді өмірінен еріксіз ажырауын да меңзейді. Бастысы, халық «бостандық» деген ұранмен  бостандығынан  ажырап бара жатқан еді…

Айта кетсек, Халықаралық Шанхай кинофестивалінің басты байқауына барлығы 14 кинотуынды іріктелініп алынды. Олардың ішінде Аргентина, Германия, Иран, Испания, Қытай, Ресей сынды басқа да мемлекеттердің фильмдері бар.

Осымен 26-ші рет өткізілетін Халықаралық Шанхай кинофестивалі 2024 жылы маусымның 14-і мен 23-і аралығында өтеді.

«Талақ» фильмі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен жарық көрді.

*Кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның «Талақ» фильмі туралы жазған рецензиясы:  http://www.kinokultura.com/2023/82r-talak.shtml