Азия – Тынық мұхиты ойындары аяқталды
Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты ойындары өз мәресіне жетті. Бұл додада Қазақстан құрамасы 17 алтын, 25 күміс және 24 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Иран (24 алтын, 16 күміс, 20 қола), екінші орынды Оңтүстік Корея (21 алтын, 10 күміс, 16 қола), үшінші орынды Қытай (19 алтын, 9 күміс, 8 қола) иеленді.
«Қазақстан Азия – Тынық мұхиты ойындарына 1996 жылдан бері 5 рет қатысып келеді.Бұл жарысқа биыл елімізден 80 спортшы қатысып, 66 медаль жеңіп алды, оның ішінде 17 алтын медаль бар. Азия — Тынық мұхиты ойындары 2025 жылы Токиода өтетін жазғы Сурдлимпиадалық ойындарына жақсы дайындық кезеңі болды. Ол жарыста да біздің спортшылар елімізді ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімдіміз»,- деді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мүмкіндіктері шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Марат Қасқырбаев.
Айта кетейік, Азия – Тынық мұхиты ойындары 1 – 8 желтоқсан аралығында өтті. Қазақстан құрамасынан жарысқа 8 спорт түрінен 80 спортшы қатысты. Бәсекеге 21 елден 1300 – ге жуық спортшы бас қосып, спорттың 10 түрінен (жеңіл атлетика, үстел теннисі, бадминтон, еркін және грек рим күресі, таеквондо, дзюдо, футбол, боулинг және шахмат) ең үздіктер анықталды. Жалпы медаль саны бойынша жеңіл атлетика спортшылары (17 медаль) мен дзюдошылар (16 медаль) алдыңғы қатарда тұр.