Бақтияр Адамжан Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия мен Қытайдың ірі балет сахналарында өнер көрсетеді

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан үшін 2025 жылдың жазы мен күзі Жапониядан бастап, Австралия, Жаңа Зеландия мен Қытайға дейінгі үлкен гастрольдік турнемен есте қалады. Бұл сапарлардың артында өнер көрсетулер ғана тұрған жоқ, бұл әлемдік аренада қазақстандық әртістің жоғары деңгейінің мойындалғанын айшықтайды.

7 шілдеде театрдың жетекші солисі Жапонияның Осака қаласында қазіргі кездегі ең беделді балет жобаларының бірі «Роберто Болле және достары» (Roberto Bolle and Friends) құрамында сахнаға шығады. Бұл кеште бірінші деңгейлі жұлдыздар кездеседі, ал Бақтияр Адамжан Орталық Азиядан барған жалғыз өкіл болмақ.

– Бұл менің танымал әртіс Роберто Боллемен алғашқы өнер көрсетуім емес, – деп пікірімен бөлісті қазақстандық балет мақтанышы. – Біз осыған дейін Италия, Оман, Хорватияда және басқа да елдерде бірге жұмыс істедік. Алайда Жапониядағы өнер көрсету ерекше оқиға болмақ: Р.Болле мұнда өз есімін, өз командасын «Экспо-2025» көрмесі аясында таныстырады. Сол үшін оған үздіктер керек. Осы тізімге енгеніме өте қуаныштымын, демек мен осындай деңгейге сай келемін.

Жапониядан кейін – Австралия. Бақтияр Адамжан 2-29 тамыз аралығында Жасыл құрлықтың ірі балет турнесі VI Ballet International Gala-да өнер көрсетеді. Турне географиясы кең: ол Австралияның, Жаңа Зеландияның беделді залдарын және Берлин опера, Мариинский, American Ballet Theatre сынды әлемнің жетекші театрларының жұлдыздарын қамтиды. Бағдарламада Яна Саленкомен және қыркүйектен бастап Вена операсымен келісімшартқа отырған брисбендік жас балерина Эбби Хансенмен дуэттер бар. Кештің хедлайнері ретінде Бақтияр Адамжан таныстырылды.

– Ballet International Gala – мен үшін жай жоба ғана емес, бұл достықтың көпірі. Мен алғашқы төрт галаға қатысқан едім, ал енді бір жылғы үзілістен кейін қайта ораламын. Мені ұмытпай, шақырып жатқандарына ризамын. Бұл жоба маған биші ретінде Австралияны ашып қойған жоқ, сонымен қатар оған ел ретінде де ғашық етті. Табиғаты расымен де керемет, халқы болмысы жағынан бізге жақын. Мұнда бәрі адамдар үшін жасалған, әсіресе Брисбенде. Ұйымдастырушылар әртістерге таңғаларлықтай қолайлы жағдайлар жасайды, мемлекет мәдениетті қолдайды. Меймандарды қарсы алу көп қаражатты талап етсе де, қонақжайлылық деңгейі төмендемейді, керісінше жылдан жылға көтеріліп келеді. Тіпті Еуропаның өзінде мұндай жобалар бірен-саран ғана, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Telegram-канал: Бақтияр Адамжан Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия мен Қытайдың ірі балет сахналарында өнер көрсетеді

Қатысуға деген сұраныстың көптігі де оның сөзіне дәлел бола алады: әлемнің барлық үздік әртістері Ballet International Gala-да өнер көрсетуді армандайды. Бұған жобаның беделі ғана себеп емес. – Сенің кіммен билейтінің маңызды. Алайда мен үшін серіктесім жеңіл болса болғаны, – деп күлді Б.Адамжан. – Мен тез бейімделемін, жаңа вариацияны жаттап алуға, нөмірді ауыстыруға дайынмын. Менің агентім жоқ, барлық байланыстарды өзім орнатамын. Бұл келешекте де қажет: шетелдік серіктестермен тікелей байланыс болғанда қазақстандық әртістердің гастролі жайлы келісу тіптен жеңіл. Мәселен маған қазақстандық фестивальдердің ұйымдастырушылары белгілі бір шетелдік әртіспен байланыстыру туралы өтінішпен жиі жазады және мен оларға қуана көмектесемін.

Осындай жұмыс тәсілі, ептілігі мен кәсібилігі Бақтияр Адамжанды сан түрлі алаңдарда сұранысқа ие етеді. Ол «қыңыр мінез» көрсетпейтінін, тек денсаулық үшін және форманы сақтау үшін маңызды дегендерді ғана сұрайтынын жасырмады.

– Егер ұшақтың ұшу уақыты бес сағаттан артық болса, онда мен бизнес-класс сұраймын, әйтпесе аяғым мен арқам ісіп кетеді. Бұл орынсыз тілек емес, бұл физиология. Әртіс бабында болуы керек, әсіресе гастроль кезінде. Қалған жайттардың барлығы – қонақ үй, тұрмыс мен үшін маңызды емес. Ең бастысы ұйықтауға қолайлы және таза жер болса болды. Түсінесіз бе, балет әртісінің мансабы өте тез аяқталады, ал егер біз қыңыр мінезімізді көрсетсек, онда бізді өте тез ұмытады деп ойлаймын. Тағы бір мысал келтірейін: кейбір әртістердің агенттерінің шектен шыққан кездері болған, олардың орындаушыларын бір рет жақсы шарттармен шақырған екен, ал кейін оларды қабылдамай қойған, сөйтіп солист ұмытылып қалды. Бағыма орай, мен әрдайым барлығымен де ортақ тіл таба білемін, ұйымдастырушылармен өзім тікелей жұмыс істеймін және сахнаға әркез шыққан сайын өзіме зор жауапкершілікті аламын.

Келесі аялдама – Қытай. Қазан айында Бақтияр Адамжанды авторлық кешін өткізгелі жатқан әлемдік деңгейдегі прима-балерина, Ағылшын ұлттық балетінің бас бишісі Алина Кожокару арнайы шақырды. Макао, Шанхай, Бейжің, Гуанчжоу сынды аспан асты елдерінің ірі сахналары отандасымыздың жаңа жетістіктерінің алаңына айналады.

– Біз гала кештердің бірінде танысқан едік. Ол мен туралы білетін, менің сенімді серіктес екенімді де естіген. Қалай билегенімді көріп: «Мүмкіндік туғанда сені шақырамын» деді және өз сөзінде тұрды. Міне, енді мен қазан айында Қытайға барамын.

Алайда Бақтияр Адамжан гастрольмен ғана шектелмейді, оның болашаққа жоспары зор: ол қазақстандық балетті әлемде ілгерілетуді ғана қаламайды, сонымен қатар Қазақстанды әлемдік жұлдыздар жиналатын орынға айналдырғысы келеді.

– Қазір мен елімізге есімдері дүние жүзіне белгілі әртістерді шақыру бойынша жұмыс істеп жатырмын. Біздің керемет «Астана Опера» театрымыз, көрермендеріміз, әлеуетіміз бар. Сондықтан келесі қадамымды отандық балетті дамыту бағытында жасағым келеді, – деп қорытындылады италиялық балетмейстер Луиджи Бонино жуырда ғана әлемнің үздік бишісі деп атаған Бақтияр Адамжан.

Ендеше, «Астана Операның» жетекші солисі Бақтияр Адамжанға сәттілік тілей отырып, оның еліміздің көк байрағын әлемде қалай биік көтеріп келе жатқанын мақтанышпен бақылаймыз.