BraVo, Азамат Жылтыркөзов!
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов 25 сәуірде классикалық өнер саласындағы BraVo халықаралық сыйлығымен марапатталды. Танымал баритон «Серіктес елден (Қазақстан) үздік классикалық орындаушы» номинациясында жеңімпаз атанды.
BraVo сыйлығының бесінші табыстау рәсімінде Қазақстан, Қытай, Түркия, Беларусь, Сербия, Венгрия секілді оннан астам мемлекеттен ең жарқын классикалық орындаушылар таныстырылды.
Салтанатты рәсім Үлкен театрдың тарихи сахнасында өтті, бұл күні мерекелік атмосфера сахнада да, шымылдықтың ар жағында да сезілді. Әртістер бір-бірін қуана құттықтап, жетістіктер мен жаңа жеңістер тіледі, содан кейін көтеріңкі көңіл күймен көпшіліктің алдына шықты.
Жарқын қазақстандық баритон Азамат Жылтыркөзовтің өнер көрсетуін зал қуана қарсы алды, ол П.И.Чайковскийдің «Иоланта» операсынан Роберттің ариясын ұсынды. Айбынды ария ерекше әдемі әрі әсерлі естілді. Белгілі болғандай, бұл әншінің репертуарындағы ең сүйікті партиялардың бірі. Әлемге әйгілі биші Сергей Полунин, прима-балерина Светлана Захарова, есімі дүние жүзіне танымал жас пианист Иван Бессонов, қытайлық сопрано Чжан Лей, түркиялық біртуар флейташы Шефика Кутлуер, Беларусь опера сахнасының жанайын деп тұрған жұлдызы Дарья Горожанко, бірегей венесуэлалық тромбонист Мигель Санчездің және Сербия, Венгрия секілді басқа да елдерден барған классикалық сахна жұлдыздарының орындауларына да көпшілік зор қошемет көрсетті.
Азамат Жылтыркөзов марапаттау рәсімімен кейін өз пікірімен бөлісті:
««Үздік классикалық орындаушы» номинациясында жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Менен бұрын бұл марапатты 2019 жылы классикалық өнер саласында «Жылдың театр алаңы» номинациясында «Астана Опера» театры алған болатын, сондай-ақ өзіміздің қазақстандық әріптесіміз – опера әншісі Майра Мұхамедқызының дарыны осы сыйлықпен атап өтілген еді. Биыл жоғары марапатқа мен лайық деп танылдым. Маған ұйымдастыру комитетінен хабарласып, қуанышты жаңалықты жеткізгенде таңғалдым, өйткені бұл мен үшін күтпеген оқиға болды. BraVo – тәуелсіз сыйлық екенін білемін, алдымен мониторинг жүргізіліп, содан кейін комиссия әр номинацияда үздіктерді өзі таңдайды. Осылайша, оған қатысу үшін мемлекет немесе театрдан әртістердің тізімдерін ешкім жібермейді. Әлбетте, сыйлықтың бесінші мерейтойлық жылы оның жеңімпазы атану және XIX, XX ғасырлардан бастап барлық әлемдік жұлдыздар ән айтқан және XXI ғасыр жұлдыздары өнер көрсететін әлемнің үздік театрларының бірі – Үлкен театрдың тарихи сахнасына шығу мен үшін мәртебе болды»
Еске сала кетейік, «Астана Опера» Х мерейтойлық маусымын атап өтуде, бұл маусым түрлі ауқымды жобаларға, премьераларға, гастроль мен әртістердің айтулы марапаттары тәрізді жағымды жетістіктерге толы.
Азамат Жылтыркөзовтің кәсіби қоржынында халықаралық және қазақстандық байқаулардағы бірнеше ондаған жеңістер бар, оны тек Отанында ғана емес, одан тыс жерлерде де таниды және жақсы көреді. Әйгілі баритон гастрольдік қызметті белсенді жүргізіп келеді және әрдайым ірі музыкалық оқиғалардың бөлшегі болып табылады. Мәселен, осы жылдың ақпанынан бастап ол әлемдік мәдени қауымдастықтың құрамында кемеңгер композитор С.Рахманиновтың 150 жылдығын мерекелеуге қатысуда.
«Бірінші концерт Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында біздің танымал музыкантымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Үмбетәлиевамен бірге зор табыспен өтті. Одан кейін Өзбекстанда өткен «Рахманинов көктемі» үлкен халықаралық фестиваліне қатыстым, онда керемет пианист, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Мадина Файзиевамен бірге ән шырқадым. Әрі қарай мені Астанада, Алматыда, Қазақстанның өңірлері мен облыс орталықтарында бірқатар өнер көрсетулер күтуде, сондай-ақ жыл соңына дейін С.Рахманиновтың романстарынан диск жазып үлгергім келеді», – деп Азамат Жылтыркөзов әңгіме соңында өз жоспарларымен бөлісті.
«Астана Опера» театрының ұжымы жеңімпазды құттықтап, шығармашылықта одан әрі табысқа жете беруін тіледі!