Chery Қазақстанда Tiggo 7 PRO рестайлиңін және оның толық жетекті нұсқасын таныстырды
Chery кроссоверлерінің жаңа буыны Қазақстанда ресми түрде таныстырылды: бұл алдыңғы жетекті Chery Tiggo 7 PRO жаңартылған моделі мен толық жетекті Chery Tiggo 7 PRO MAX.
Тұсаукесер Алматыда «Road to the victory» — «Жеңіске апарар жол» тұжырымдамасы аясында проекциялық мұражайда өтті.
«Chery Tiggo 7 PRO – брендтің Қазақстандағы сөзсіз бестселлері. 2023 жылы Chery клиенттерінің 45% дәл осы модельді таңдады. Біз жол талғамайтын сипаттамаларға ие толық жетекті кроссоверді қоса алғанда, елімізде «Tiggo 7» автокөліктерінің үшінші буынын ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз», – деді «Астана Моторс» құрамындағы Қазақстандағы Chery дистрибуциясының директоры Нұрлан Шамгонов.
Кроссовердің габариттері бұрынғы қалпында қалды, 4500х1842х1705, ішіне жүргізуші мен төрт жолаушы ыңғайлы жайғаса алады. Кроссоверлердің сыртқы түрі өзгерді. Жаңартылған алдыңғы жетекті Chery Tiggo 7 PRO автокөлігіне 3D-матрица стиліндегі алты бұрышты ромб тәрізді алдыңғы тор орнатылып, бетіне шашылған алмас тәрізді айшықты элементтер бейнеленді. Толық жетекті Chery Tiggo 7 PRO MAX автокөлігінің алдыңғы торы да осыған ұқсас стильде жасалған, бірақ ол анағұрлым қуатты әрі беделді болып көрінеді.
Шанақ алдының астыңғы бөлігіне бұрылыстарға арналған статикалық жарықтандыру элементі бар жаңа T-crystal тұман фаралары қыстырылған.
Алдыңғы жетекті Chery Tiggo 7 PRO кроссоверіне көлемі 1,5 л. және 147 а.к. беретін ACTECO турбиналы қозғалтқышы орнатылған, бұл көрсеткіш орташа атмосфералық екі литрлік бензинді қозғалтқыштың қуатына сәйкес келеді. 9 виртуалды бекітілген квазиберілісі бар CVT25 сатысыз вариаторы 210 Нм-ге дейінгі максималды айналдыру моментін бере алады.
Толық жетекті Chery Tiggo 7 PRO MAX – одан күштірек. Оның жүрегі – 1.6T GDI қозғалтқышының үшінші буыны және жеті сатылы роботтандырылған DCT7 беріліс қорабы. Турбиналы қозғалтқыш австриялық AVL компаниясымен бірге әзірленді. Қозғалтқыштың максималды қуаты – 150 а.к., максималды айналдыру моменті – 275 Нм.
Chery Tiggo 7 PRO MAX толық жетек жүйесі ZF Friedrichshafen AG неміс концернімен бірге әзірленді және интеллектуалды жолмен басқарылады. Қосылу уақыты 0,1 секундты алады, ал 50%-ке дейінгі айналдыру моментін артқы дөңгелектердің пайдасына қайта үлестіру 10%-ке дейінгі дәлдікпен орындалады. Жүргізушінің таңдауына алты қозғалыс режимі ұсынылады: эко, жайлы, спорт, қар, топырақ, 4х4, сонымен қатар көлбеу бұрышы 45% беткейлерге көтерілу мүмкіндігі.
Екі модельде де жүргізушінің жетілдірілген көмекші жүйесі (ADAS) басқару қауіпсіздігіне жауап береді.
Былғары салон, желдеткіштері және жадқа сақталатын электрлі реттегіштері бар эргономиялық орындықтар жүргізуші мен жолаушыларға жайлылық сыйлайды. Толық «қысқы» пакетке алдыңғы әйнектің, әйнекжуғыш бүріккіштерінің, артқы көрініс айналары мен артқы әйнектің, рульдің, алдыңғы және артқы орындықтардың жылытқыштары кіреді.
«Алдыңғы жетекті Chery Tiggo 7 PRO рестайлиң нұсқасының құны 12,4 миллион теңгеден басталады, модельдің Prestige, Premium және Luxury жинақтамалары қолжетімді. Толық жетекті Chery Tiggo 7 PRO MAX құны 14,2 миллион теңгеден басталады, ол Prestige және Luxury жинақтамаларында ұсынылады. Модельдердің екеуі де қара түсті төбелері бар нұсқада қолжетімді», – деді Нұрлан Шамгонов.
Модельдер таныстырылғаннан кейін, Қазақстандағы Chery бизнесінің дамуы туралы баяндалған кішігірім баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.
«Chery – «Астана Моторс» портфеліндегі ең жылдам дамып келе жатқан брендтердің бірі. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметтері бойынша, Chery Қазақстанда ең көп сатылатын автобрендтердің үздік төрттігіне сенімді түрде кіреді. Ал алдыңғы жетекті Chery Tiggo 7 PRO моделінің екінші буыны қазақстандықтар арасында ең танымал автокөліктердің ондығына кіреді. Автокөліктер Қазақстанда 2021 жылғы желтоқсанда сатыла бастағанымен, жуырда компания 10 мыңыншы сатып алушысын тіркеді. Бүгінгі күнге дейінгі жалпы сатылымдар саны 11 мың автокөліктен асып кетті», – деді Нұрлан Шамгонов.
Сатылымдардың өсу динамикасын сандардан байқауға болады: 2022 жыл ішінде 4,4 мың Chery автокөлігі сатылған болса, 2023 жылдың сегіз айы ішінде 6,9 мың көлік сатылып үлгерген.
«Chery маркасының модельдік қатары жақсы теңгерілген: желіде ең қолжетімді Tiggo 2-ден (7 миллион теңгеден бастап) премиумдық Tiggo 8 PRO MAX-қа дейін әртүрлі баға санаттары бойынша ұсыныстар бар. Жыл соңына дейін Қазақстан нарығына тағы екі модель шығаруды жоспарлап отырмыз, олардың бірі – седан», – деп сөзін қорытындылады Нұрлан Шамгонов.