Дүниежүзілік тазалық күні және #EUBeachCleanup экологиялық науқаны өткізілді

Дүниежүзілік тазалық күні және #EUBeachCleanup экологиялық науқаны аясында 2023 жылғы 16 қыркүйекте Қазақстандағы ЕО өкілдігі және Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі, Қазақстандағы Эстония Елшілігімен бірлесіп, Астана қаласындағы Есіл өзенінің жағалауын тазарту бойынша іс-шараға қатысты. Эстония Елшісі Тoомас Тирс мырза, БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори ханым және Еуропалық Одақ Елшісінің орынбасары Мачей Мадалински мырза, сондай-ақ, «Let’s do it. Qazaq Eli» вице-президенті және «Біз таза ел үшін» акциясының ұйымдастырушысы Шасалим Шагаимов мырза экологиялық науқанға қатысушылар мен қонақтардың алдында сөз сөйледі.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, атап айтқанда, Алматы және Есіл аудандары әкімдіктерінің қолдауымен және үйлестіруімен, сонымен қатар Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, «Let’s do it world» экологиялық қоғамдық ұйымы, атап айтқанда «Let’s do it Qazaq eli» және «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалысы, сондай-ақ «Жасыл экономика және G-Global даму коалициясы», «Жасыл Даму» АҚ, Green Technology Hub, бүкіл дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдар, ЕҰУ, Аграрлық университет және Назарбаев университетінің волонтерлері мен студенттерінің белсенді қатысуымен Астана қаласының, сондай-ақ Есіл өзенінің жағалауын ауқымды тазарту науқаны өтті.

Еуропа, Америка, Азия, Африка елдері елшіліктерінің дипломаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ БҰҰ-ның агенттіктері мен басқа да халықаралық ұйымдардың қызметкерлерін қоса алғанда, жалпы 150-ге жуық қатысушы Есіл өзенінің оң жағалауын түрлі қоқыстан тазартты. Сұрыпталған қалдықтардың бір бөлігі сол жерде қайта өңделді –қонақтар үшін арнайы алюминий банкаларға арналған ұсақтағыш орнатылды. Соның арқасында шығаруға арналған қалдықтардың көлемі азайды: акция орнынан 2 жүк техникасы және қайта өңдеуге арналған пластик және алюминий банкалары бар 1 газель қоқыс шығарылды.

Осы экологиялық іс-шараның нәтижесінде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі кеңсесі және Астана арасында телекөпір ұйымдастырылды: Let’s Do It World және Дүниежүзілік тазалық күнінің жаһандық желісінің президенті және жетекшісі Хейди Солба ханымның қатысуымен аталмыш іс-шараның маңыздылығын талқылап, тазарту акциясын тікелей эфирде көрсетті.

Сондай-ақ Instagram желісіндегі «Менің өмірімдегі ең экологиялық бастамам» атты Reels байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында қатысушылар флешмобқа қатысып, Қазақстан картасының формасын құрды: бұл бүкіл Қазақстанның осы шараға белсенді қатысқандығын көрсетті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша, Астана қаласында өткен акцияға 56 мың адам қатысып, 20 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 10 мың гектардан астам жер тазартылған. Оның ішінде 915 тонна шыны, 1950 тонна пластик, 300 тонна резеңке, 860 тонна қағаз бен картон және 550 тонна металл жиналды.

Қазақстанның ірі қалалары мен облыстарының әкімдіктері аталмыш экологиялық науқанды қолдады:

2023 жылғы 17 қыркүйекте Маңғыстау облысына сапары аясында Еуропалық Одақ Елшісі және оған мүше мемлекеттерінің, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Үндістан, Индонезия және де басқа елдердің елшілері мен дипломаттары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Маңғыстау облысының әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев, Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік тазалық күні мен #EUBeachCleanup акциясы аясындағы іс-шараға қатысты. Акцияға қатысушылар Каспий теңізінің жағажайын жинады.

2023 жылдың 16 қыркүйегінде Шымкент қаласында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жалпықалалық сенбілік өтті. Бұл шараға барлығы 103 089 адам қатысып, 744,2 м3 қоқыс шығарылды. Жамбыл облысының елді мекендерінде (10 аудан және Тараз қаласы) 20 мыңға жуық адамдардың қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды. Жаһандық акцияға Жетісу облысының әкімдігі де белсене қатысып, қолдау көрсетті: 31 934 қатысушы, 883 шақырым автожолдары, 383 км. арық желілері тазартылды, 352 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, 1802 тонна қоқыс шығарылды.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігі Дүниежүзілік тазалық күні мен #EUBeachCleanup науқанының барлық серіктестері мен қатысушыларына шексіз алғысын білдіреді!